26 Маусым 06:25

Халық дәрігерге емес, НЕГЕ бақсы-құшынашқа сенеді?

Фото:

Жүйкеңді жұқартып, ұзақ уақыт қағаз-құжат жинап, кезек күткенше, қалтаңда ақша болса, ақылы клиникаларға барып емделген қандай ғанибет. Бірақ екі сиырмен күнелтіп отырған ауыл қазағының қалтасы көтермейтіні белгілі. Ауылда білікті дәрігерлер де некен-саяқ. Соның кесірінен қанша қаралса да, беті бері қарамаған адамдар үміт күтіп, бақсы-құшынаштарды жағалауға мәжбүр.

Халық қазір дәрігерге емес, емшіге, бақсы-балгерге көбірек сенетін болған. Әсіресе, бұл халқы тығыз қоныстанған, жалақысы мардымсыз оңтүстік өңірлерде айқын көрініс тауып отыр. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын коронавирус жайында мәлімдемелер жасап, сақтандырып-ақ жатыр. Оған құлақ асып жатқан адам аз. Ал экстрасенс Бақыт Жұматова бір болжам айтып қалып еді, жұрт жапа-тармағай талқылап, ауыздан-ауызға таратып жүр.

Бұл сөзіміздің куәгерлері арамызда қаншама?

Мадиярдың машақаты

«Мен екі жыл қатты сырқаттандым. Жұмысқа мүлде жарамай қалдым. Портал аштыру қиынға соқты. Екі-күннің бірінде ауру қысып, өз аяғыммен жүруден қалдым. Келіншегім жүгіріп жүріп, таныс-тамыр іздеп, ақша беріп жүріп, порталды әзер аштырды. Тепсем темір үзетін жаста осындай хәлге түсем деген ой басыма ешқашан келмепті. Төрт айдан соң, қаланың жақсы бір ауруханасында осылай емделдім. Дәрігерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Олар бірден менің ұзақ жыл – кемі үш жыл емделетінімді ескертті. Жеті-сегіз диагнозды бір-ақ қойды», – дейді Алматы қаласының іргесіндегі ауылдардың бірінде тұратын Мадияр Жарылқапов.

Айтуынша, ол туған-туыстарының қолдауымен бір жыл бойы үздіксіз емделсе де, жағдайы жақсармаған. Тіпті, жеңіл-желпі жұмыстарға да жарамай қалған. Жастайынан қалада өскен Мадияр емші-құшынаштар дегендерге мүлде сенбейді. Осы уақыт ішінде 80-ге келген кәрі шешесі қатты уайымдап, «қазақша қаралшы» деп қылқылдап қоймапты. Емші-құшынаштан қайран болмайтынын білсе де, өзі сенбесе де, баласының хәлі жанына батып, мүжіліп қалған анасының кәрі жүрегіне медеу болсын деген ниетпен ғана келісім берген.

Анасы емші Жанар есімді келіншектің үйіне ертіп келеді. Ол «өзі білетін» ем-домын жасап, бір кезде әлденеден шошып, ыршып түседі. «Сіз қар түскенде жазыласыз. Бірақ мұны жазуға менің шамам келмейді», – деген. Мадияр күз соңына қарай қар түскенде «енді жазылам ба» деп үміттеніп, қуанғанын да жасырмайды. Бірақ ол аяқтан тұрғанша неше қыс түсетінін ол кезде білген жоқ еді. Анасының айтуымен, жасы қырықтан енді асқан емшінің алдына да барған. Оның көзіне әрдеңе көрінеді-міс.

«Бұл жігіт менің қалай ауыратынымды айта бастады. Бірақ айтқаны айдалаға лағып жатты. Ешқайсысы тура келмеді. Осыны ескерткен едім, ол бұлқан-талқан ашуланып, құдайға сенбейтінімді айтып ұрыса бастады. Мен құдайға сенетінімді, тіпті, дендеген ауруға қарамастан бес уақыт намаз оқитынымды айттым. Әйтеуір анамның көңілі үшін: «Жақсы емші екен, біраз жеңілдеп, жақсы болып қалдым», – деп алдадым. Өтірігім шықпасы үшін тағы да бірнеше сеанс қабылдауға тура келді», – дейді кейіпкеріміз күліп.

Содан арада 2 жыл өтсе де, Мадиярдың  ауруы асқынбаса, беті бері қарамаған. Екі жылдың дені ауруханада өтіп жатты. Туысқан әпкесі мен ағасы Шымкентте тұрады екен. Олар өзара ақылдасып, ем қонбай жатқан інісін Ташкенттегі атақты дәрігерлерге көрсетуді ұйғарады. Мадиярды Шымкентке алдыртып, Ташкентке жиналып жатқанда төлқұжатының жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін байқайды. Бұл – өзбек шекарасы бұлар үшін тарс жабық деген сөз.

«Басқаға қарамасын деп, әйелім дуалап тастаған»

Үлкен әпкесі мен ағасы: «Қаралған қарап қалмайды. Мұнда барлық ауруды жазып жүрген емші бар. Соған бір қарала сал. Қазақы емнің зияны жоқ», – деп уылжыған жас татар келіншектің үйіне алып барады. Бұл емші келіншек оқып, емдеп, бал да ашатын көрінеді. Алматыдағы емшілерден ерекшелігі, оның алдына бару мемлекет басшыларымен жолығудан да қиын болып шықты. Ол үшін кемі төрт-бес ай бұрын кезекке жазылу керек. Онда сізді қарайтын ай ғана көрсетіледі. Онсыз ешкімді қарамайды. Сосын, таңғы сағат төрт-бестер шамасында тұрып, емшінің дарбазасына келіп, есік алдында ілініп тұрған дәптерге аты-жөніңізді, кезектегі нөміріңізді көрсетіп, «живой очередьке» жазылып қоймасаңыз, қанша ай күткеніңіз де далаға кетеді. Өйткені, емшінің «пациенттері» көп. Бір жыл бұрын кезекке жазылатындар да бар көрінеді. Оңтүстіктің жұрты бұл емшіге емделу үшін ғана емес, өзге мәселесін шештіруге де келе береді екен. Бірі – «Қызым жиырма беске жақындап келеді. Құрбыларының бәрі күйеуде. Бұл болса, әлі жүр. Жолы байланып қалған сияқты, дем салып бересіз бе?» десе, енді бірі – «Үйден шаш-тырнақ табылды. Біреу дуалап қойған секілді. Дуасын қайтарып берсеңіз дейді» дейді. Енді бірі жоғалған, ұрланған малына құмалақ аштырады екен. Кезек күтіп тұрғандар – кілең әйелдер. Кей күндері ара-тұра еркектер де қараңдайды. Мадиярдың айтуынша, оны Асқар атты елуді еңсерген жігіт ағасының кезек күтіп отырғанда айтқандары қатты таңқалдырған.

«Қай жерде емші бар десе, алдымен мен барамын. Қалмаймын ондай жерлерден. Мені басқа әйелдерге қарамасын деп, өз әйелім үнемі дуа жасайды. Емшілерге барып дуасының күшін қайтарып тастап отырамын. Көңілдестерім бар. Әйелімнің дуасы күшті. Менің аяғымды оларға қарай бастырмай тастайды», – деп ынты-шынтысымен айтқаны ер адамға жарасатын сөз емес, әйтеуір. 

«Дертіме дауаны медицинадан таптым»

«Сонымен, әпкемнің өтініші бойынша, осы рәсімдерді толық орындап, ақыры сүйкімді татар келіншекті де көрдім. Бірақ оның айтқандары мені біршама таңдандырды. Дәрігерлер қойған диагноздарды дәл айтып берді. Құдды мен туралы біршама жайтты алдын ала біліп алғандай. Сенімді, нық сөйлейді. Тәуіпшілігін жасап болған соң: «Мен сізге жеңілдік қана жасаймын. Ал ауруыңыздан тек медицина ғана құлан таза айықтырады. Басқа ештеңе көмектеспейді», – деді қоштасарда. Бұл сөзіне, яғни жазып беремін деп өтірік айтпағанына ішім жылып қалды. Ағам сүйреп апарған бір жас молда да солай деді. «Дертіңіз емі бізден емес екен. Медицинада болып тұр. Мұсылманша бір дем салып берейін. Дәрігерге көрініңіз», – деген еді. Оның жеті атасы да молда болған екен», – дейді кейіпкеріміз. 

Өзінің айтуынша, анасының, сосын бауырының денсаулығына алаңдаған ағалары мен әпкелерінің көңілін қимағандықтан ғана емшілердің алдына барған. Рас, кейбір емшілер оны таңдандырған. Аурудың симптомдарын дәл суреттеп бергендері де болған. «Бірақ одан не пайда? Аурудың қалай жаныма бататынын өзім де білем ғой. Бірақ ешқайсысы емдеудің жолдарын нақты көрсетіп бере алмады», – дейді Жарылқапов.

Мадиярдың қазір дені сау. Жұмысқа шығып, бала-шағасын асырап жүр. Ол өзін емшілерден емес, медицинаның көмегімен құлан-таза айыққанын айтады. Халықтың дәрігерлерге емес, емші-құшынаштарға сенетініне қатты қынжылады.

Рас, бізде мемлекетке қарасты тегін емдейтін мекемелер аз емес. Бірақ көбінің сапасы сын көтермейді. Бірақ мемлекетке қарасты ауруханалардың өзінен ем алу  қарапайым халық үшін қыл көпірден өтумен пара-пар. Қалада тұратын халыққа емделу біршама жеңіл. Ал ауылда медицинаның аты бар да, заты жоқ екенін жасырып жату артық болар.  «Тегін қаралдым демесең, көп ауруханаларда құны удай дәрі-дәрмекті көбінде өзің сатып алуға тура келеді. Ал білікті дәрігерлер жұмыс істейтін қала ауруханаларына портал аштыру – ауру адам үшін қиямет-қайым. Бұл тым ұзақ уақытты талап етеді. Талай табалдырықты тоздырып, қағаз-құжат дайындауың керек. Ауруханадан орын алуға кемінде алты ай мен бір жылдан аса уақыт күтесің. Жағдайы нашар адамдардың бұған өмірі жете ме, жоқ па, ол жағы бір аллаға аян. Оның үстіне, қарапайым халық арасында дәрігердің қолына ақша қыстырмасаң, қарамайды деген пікір нық бекіген. Әрине, онысы негізсіз де емес», – дейді Мадияр Жарылқапов.

Коронавирус бай мен кедейді теңестірді

Айта кететін бір жайт, коронавирус бір уақ олигарх пен күзетшіні де теңестірді. Індетке шалдыққандар әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бір ауруханаға тоғытылып жатқаны ащы болса да, шындық. Еуропаның, АҚШ пен Израильдің ең мықты деген клиникаларынан емделіп жүрген бай-бағландарға «отандық денсаулық сақтау саласының қақпанына келіп түсеміз» деген ой үш ұйықтаса да, түсіне кірмеген болар. Орыс журналистері Еуропаның көрікті жерлерінде әлем элитасының басы қосылатын кештердің гүлі болып жүрген Ресей миллиардерлерінің, олардың отбасы мүшелерінің Мәскеудің қарапайым халыққа арналған ауруханасына түсіп, оның асханасында пісірілген тамақтардың дәмін татып көруге жиіркеніп жатқанын мысқалдай жазған болатын. Озық елдердің медицинасы мен біздің медицинаны әлі де болса, салыстыруға келмейді.

«Бір жамандықтың бір жақсылығы бар» деген, бұдан кейін біздің емханаларымыз бен ауруханаларымызды еуропалық деңгейге жеткізуге ұмтылыс болып қалар деген үмітіміз жоқ емес. Өйткені, қазір әуе айлақтары, шекаралар жабық. Сосын індеттің бізді бай-кедей деп бөліп жармайтына көзіміз толық жетіп отыр.

Тегтер: