4 Ақпан 13:49

Генералдың «сыбағасы»

Фото:
Бүгін Қорғаныс министрлігінің кадр және әскери білім департаментінің бастығы Қ.Көпбаевтың парақорлықпен істі болғанын жазғанбыз.

«Время» газетінің тілшісі Михаил Козачков генерал-майордың не үшін және қалай ұсталғанын егжей-тегжейлі баяндапты.

«Қаңтардың соңғы тәулігінде «Керуен» ойын-сауық сауда орталығында сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен бір шенеунікті тұтқындау операциясы ұйымдастырылды. Белгілі болғанындай, тұтқындалған бұл ірі шенеунік Қорғаныс министрлігінің білдей генерал-майоры Қайрат Көпбаев екені мәлім болды.

Қайрат Рашидұлы генерал лауазымын күні кеше – 2018 жылдың мамыр айында, дәл Отан қорғаушылар күні алған болатын. Алайда, баданадай жалғыз жұлдыз таққан погонымен генерал жолдас жуырда қоштасатын сияқты.

Генерал Көпбаев қандай күдікке ілінді? Соталды тергеу ісінің ортақ реестрінде тіркелген қылмыстық істе Ш.Нұрмұхамбет дегеннің арызы бар. Онда арызданушы кадр және әскери білім департаментінің басшысына бір іске көмектесу үшін белгілі бір сома ұсынғаны айтылады. Бірақ әскери шенді көтеру, т.б. секілді біраз шаруаны шешіп, бұйрық шығара алатын Қорғаныс министрлігіндегі үлкен шенеунік ол азаматқа жәрдемдесе алмаған. Ақырында, келісім бойынша алған ақшасын қайтарып беруге келген кезде генерал қолға түскен.

Бізге мәлім дерекке сүйенсек, бұл қылмыстық іске байланысты тергеу қысқартылған түрде өткізілмек екен. Әдетте, мұндай жағдай күдікті өз кінәсін мойындап, сот пен екі арада процессуалды келісімге келген кезде болады. Яғни, бұл келісімнен кейін сыбайластық ісімен сотталушы тек бірнеше миллион теңге айыппұл төлеп, өзінің барлық әскери шенінен және мемлекеттік марапаттарынан айырылады. Естуімізше, Қайрат Көпбаев өз еркімен рапорт жазып, министрліктен кетіп үлгерген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми мәлімдемесіне сәйкес, 31 қаңтарда тергеу соты генералға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген. Енді бір туындайтын сұрақ, егер сот Көпбаевті кінәлі деп тапқан жағдайда министірліктен кім отставкаға кетуі керек?» дейді басылым тілшісі.

Тегтер: