15 Маусым 17:50

Ереже бұзған автокөліктер айыптұраққа қойылды

Фото:

Түркістан облысының полицейлері автошеру ұйымдастырып, жол-қауіпсіздік ережесін бұзған жүргізушілерді жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы, NEGE. Әлеуметтік желіде Түлкібас ауданына қарасты ауылдардың бірінде жігіттердің автокөлікпен жол жүру ережелерін өрескел бұзып, өзгелердің өміріне қауіп төндірген бейнежазбасы таралған болатын. Аталған оқиғаға байланысты Түлкібас АПБ қызметкерлері жүргізушілерді анықтау мақсатында жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Қорытындысында “Land Cruiser”, “Audi және “Volkswagen Passat” көліктерінің жүргізушілері анықталды. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар болып шықты. Белгілі болғандай, әскери борышын өтеп келген жігіттің достары оны күтіп алу үшін автошеру ұйымдастырып, жол бойында апатты жағдай тудырған.
Кінәлі жүргізушілер жасаған іс әрекеттеріне сәйкес ҚР ӘҚБтК-нің 595-бабы 1-бөлігімен (жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау) және 434-бабы (ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қарап тиісу, тұрғын үй жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер), 593-бабымен (жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) тіркеліп, әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды. Автокөліктер арнайы айыптұраққа қойылды. Жоғарыда аталған көлік иелері халықтан кешірім сұрап, алдағы уақытта қайталамауға уәде берді. Түркістан облысының полицейлері жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолдана отырып көлік басқаруға кеңес береді.

Тегтер: