19 Қараша 16:12

Елордада жол ережесін бұзған екі шетелдік жүргізуші ұсталды

Фото:

Елорда аумағында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» алдын алу шарасы барысында жол жүрісі ережесін бұзған екі шетелдік ұсталды.

Алматы, NEGE. Атап айтқанда, кеше сағат 10.30-да полиция қызметкерлері Сарайшық көшесі бойында Өзбекстанның 28 жастағы азаматы жүргізіп келе жатқан «Toyota Camry» көлігін тоқтатқан. Оның құжаттарын тексеру барысында жүргізуші куәлігінің жоқ екендігі анықталған.

«2020 жылдың мамырында сот шешімімен ол мас күйде рульге отырғаны үшін 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған. Жүргізушінің үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабы 3-тармағымен әкімшілік іс қозғалды. Материал әкімшілік сотқа жіберіліп, көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Сот шешімімен көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарған азамат 50 АЕК көлемінде айыппұл төлеуі немесе 10 тәулікке әкімшілік тұтқынға алынуы мүмкін», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен.

Ал екінші шетелдік - Тәжікстанның 25 жастағы азаматы жол жүрісі ережесін өрескел бұзып, жолда апаттық жағдай тудырған. Нақты айтқанда, «Яндекс» таксиін жүргізген шетелдік жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Сондықтан оның үстінен ҚР ӘҚБтК 596-бабы 3-тармағымен әкімшілік іс қозғалды.

Материал процессуалдық шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа берілді. Айта кетейік, қарашаның 18-20-сы аралығында елорда аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Шараның алғашқы күнінде полиция қызметкерлері 700-ден астам жол жүрісі ережесінің бұзылғандығын анықтады. Олардың ішінде қоғамдық көліктің 12 жүргізушісі бар. Жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізген 60-тан астам адам ұсталды. Олардың үшеуі бұған дейін көлік жүргізу құқынан айырылған. Комуналдық тұраққа 22 көлік қойылды.

Тегтер: