31 Қаңтар 14:27

ЕАЭО Премьер-Министрлері «Digital Almaty» форумына қатысты

Фото:

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Digital Almaty: жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» форумының ашылуына қатысты.

Алматы, NEGE. Форум басталмастан бұрын Үкімет басшысы шараның арнайы шақырылған қонағы – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф. Хохшильдпен кездесу өткізді. Онда БҰҰ цифрлық күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ Қазақстанның аймақта цифрландыру мен инновацияларды ілгерілетудегі рөлі талқыланды.

«Деректер мен жасанды зерде негізінде тұрақты аймақты құру» тақырыбындағы форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде ҚР Премьер-Министрі Қазақстанда жасанды зердені қолданудан болатын жалпы экономикалық тиімділік жылына шамамен $25 млрд екенін атап өтті. 

«2019 жылдың қыркүйегінде біз инновациялық АT-университетті аштық. Қазіргі уақытта АТ-университеттің Amazon және UNICEF секілді алдыңғы қатарлы АT компаниялармен және даму институттарымен ынтымақтастық мәселесі пысықталуда. “Астана” халықаралық қаржы орталығы негізінде бағдарламалаушыларды дайындауға маманданған Qwazar компаниясымен бірге инновациялық бағдарламалау мектебін ашу жоспарлануда», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Дүниежүзілік экономикалық форуммен (ДЭФ) бірлесіп «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында ДЭФ Төртінші өнеркәсіптік революция орталығын іске қосу туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өтті. Ол осы жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.

Премьер-Министр көлік және логистика саласында жасанды зердені қолдану транзиттік бағыттарды оңтайландыруға ықпал ететінін, кеден саласында шекаралардан өту уақытын жеделдететінін, саудада көлеңкелі және контрафактілік айналым көлемін азайтатынын мәлімдеді.

Форумның пленарлық сессиясына Беларусь Премьер-Министрі С. Румас, Ресей Премьер-Министрі М. Мишустин, Молдова Премьер-Министрі И. Кику, Қырғызстан Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Разаков және Армения Премьер-Министрінің орынбасары М. Григорян, ЕЭК Алқасының төрағасы Т. Саркисян, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ф. Хохшильд, «Amazon Web Services» үкіметті трансформациялау жөніндегі директоры Л. Максвелл, «01 Edu system» негізін қалаушы Н. Садирак және Ұлыбритания Мемлекеттік цифрлық қызметінің директоры К. Фергюсон қатысты.

Тегтер: