19 Қараша 20:31

Дзюдодан ұлттық құраманың бапкері ауысты

Фото:

Қазақстанның дзюдодан ерлер ұлттық құрама командасының бас бапкері ауысты, деп хабарлайды Olympic.kz.

Алматы, NEGE. Мәлім етілгендей, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан дзюдо федерациясының кезектен тыс отырысы өтті.

Жиын Ұлттық федерация басшысы Қайрат Қожамжаровтың жетекшілігімен өтті. Оның барысында Қазақстан ұлттық ерлер командасына жаңа бас бапкер тағайындалды. Атқарушы комитеттің бірауыздан шешімімен бұл қызметке дзюдодан ҚР-ға еңбегі сіңген бапкер, жоғары санатты жаттықтырушы, «Құрмет» орденінің иегері Ғалымжан Жылгелдиев сайланды.

Айта кетерлігі, құраманың бұрыңғы бапкері Айдын Смағұлов денсаулығына байланысты қызметін тоқтату туралы өтініш білдірді. Ол Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері болып 2018 жылы сайланған болатын.

Өз кезегінде, Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров Айдын Смағұловқа осы уақытқа дейін атқарған жұмысына алғыс айтып, жаңадан тағайындалған бас бапкерге сәттілік тіледі.

Ғалымжан Жылгелдиев 1970 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Бапкерлік қызметін 1987 жылы Жамбыл облысының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған. 2017 жылдан бері Қазақстан ерлер ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы қызметін атқарып келеді.

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, дзюдодан әлем чемпионы Елдос Сметовтың жеке жаттықтырушысы.

Тегтер: