17 Қазан 16:11

Діни экстремизм мен терроризм: Қазақстанға қауіп қайдан?

Фото:

2018 жылы Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілді.

Бағдарламаның мақсаты мынадай: Діни экстремизмнің зорлық-зомбылық көріністері мен терроризм қауіптерінен адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Міндеттері: 1. Қоғамда радикалдық идеологияға қарсы иммунитетті және радикалдық көріністерге мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын жетілдіру.

2. Қазақстан Республикасы халқының радикалдануына сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету.

3. Діни экстремизм мен терроризм фактілерін, оның ішінде арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметін қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жолымен анықтау мен жолын кесудің тиімділігін арттыру.

4. Діни экстремизм мен терроризм актілеріне ден қою, сондай-ақ олардың салдарын барынша азайту және (немесе) жою жүйесін жетілдіру.  

Нысаналы индикаторлар: 1. Діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтаушы адамдар санын азайту.

2. Алды алынған және уақтылы жолы кесілген (ой-ниетті қалыптастыру, дайындау, шабуылдау сатыларында) экстремистік сипаттағы террористік және өзге де зорлық-зомбылық акцияларының үлесі.

3. Қазақстан Республикасының аумағында терроризм актілеріне ден қою, сондай-ақ терроризм салдарын барынша азайту және (немесе) жою дайындығының деңгейі.

Қазіргі кезеңде дінді өздерінің саяси мақсаттарында қолданатын белгілі бір топтардың іс-әрекеті мемлекеттер мен қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке ерекше қауіп төндіруде. Дін мен оның құндылықтарын бетперде еткен жалған уағызшылар жаһандық деңгейде алауыздық пен өшпенділік туғызып, төзімсіздік пен зорлық орната бастады.

Діни экстремизмнің басты сипаты – дiни өшпендiлiктi немесе алауыздықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни тәжірибені қолдану.

Діни экстремизм – діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Экстремизмнің зорлықпен, агрессиямен және шектен шыққан қаталдықпен сипатталатын белгілері көп.

Экстремизмнің кең мағынасындағы ұғымы – мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру.

Латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» деген мағынаны білдіретін «терроризм» – экстремизмнің асқынған көрінісі. Терроризм зорлықтың аса қатыгез, үрейлі түрлері мен әдістерін пайдаланып, саяси мақсаттарға қол жеткізуді көздейді.

Террористік актілердің салдарынан адамдар жаппай қырылып, бұқара халықтың басым бөлігі психологиялық қысым көреді, материалдық және рухани құндылықтар қирап, зардаптары кейде қалпына келмейтін шекке жетеді. Мемлекеттер арасында алауыздық туындап, соның салдарынан соғыс өрті тұтанады, әлеуметтік және ұлттық топтар арасына сенімсіздік пен өшпенділік әкеледі.

Түрлі қылмыстық топтар мемлекеттік билікке ықпал ету не күйрету үшін террорлық актілерді жүзеге асырады.

Терроризм – қазіргі жаһандану қатерлерінің бірі, ауқымдылығы мен жиілігі, адамзатқа қаупі мен қаталдығы тұрғысынан ол әлемдік қауымдастық алдындағы түйткілді мәселеге айналды.

Діни экстремизм мен терроризмнің әлеуметтік зияны мен қаупі төмендегідей:

– қоғам мен мемлекетке аса ауыр психологиялық және материалдық шығын әкелуі, адам өмірін қиюы;

– азаматтық өшпенділікті немесе алауыздықты тұтатуы, мемлекеттің конституциялық құрылымын өзгертуді және оның аумақтық тұтастығын бұзылуды мақсат ететін бірқатар заңсыз қарулы құрылымдардың қызмет етуі.

Діни экстремизмнің қылмыстық көріністерінің салдары бірден байқалмауы да немесе ұзақ мерзімдік зардаптар әкелуі де мүмкін.

Соңғы жылдары сыртқы факторға байланысты діни экстремизм мен терроризмнің қаупі бұрынғыдан да артпаса, төмендеген жоқ. Қазақстанмен шекаралас елдердің іргесіндегі Ауғанстан билігіне тәліптер келгені қауіп бұлты қоялана түскендей. Өйткені Талибан ұйымына Қазақстанда заңмен тыйым салынған.

Сарапшылардың айтуынша, діни экстремизм мен терроризмнің түп-тамыры әлеуметтік және психологиялық негізде жатыр.

Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қаржыландыруға 270 млрд 148 млн теңге бөлінбек. Бұл өткен бесжылдықпен салыстырғанда әлдеқайда көп қаражат.

Экстремизммен күрес жөніндегі бағдарламаның мақсатты міндеттері қатарында «діни алауыздықты немесе араздықты тудыруға бағытталған экстремистік идеяларды жақтаушы» адамдар санын азайту деген көрсеткіш бар екенін жоғарыда айттық. Сонымен қатар бағдарлама аясында «халықтың радикалдануына сыртқы факторлардың ықпал етуін төмендету» бойынша шараларды да қолға алу жоспарланған. Оның негізгі жолдары – «техникалық құралдарды жетілдіру» және БАҚ, сайттар мен әлеуметтік желілерді үздіксіз бақылап отыру.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, алдын алу шаралары негізінен пропагандадан тұрады. Оның ойынша, радикалданудың теологиялық жағына шектен тыс назар аударып, ал оның әлеуметтік контексін мүлдем ескермеу – алдын алу шараларының басты кемшіліктері.

«Экстремизммен күрестің түрлі жолдары бар, бірақ біздегі күрес тек радикализация дегеніміз – діни сауатсыздық деген түсініктен туындап отыр. Ал анықтап қарайтын болсақ, радикалды идеологияға тарту процесінің тамырлары біздің жағдайымызда ең алдымен әлеуметтік және психологиялық себептерде жатыр», – дейді ол.

Тегтер: