5 Қазан 20:00

Депутат жылыту маусымы туралы: Инфрақұрылымды жаңарту үшін адам шығыны болуы керек пе?

Фото:

Мәжіліс депутаты Бекқали Торғаев Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға елімізде жылу коммуникациясы инфрақұрылымдарының тозығы жеткендігі туралы депутаттық сауалын жолдады.

Депутаттың пікірінше, Мемлекет басшысы Семей қаласына барған іс-сапарында қаланың инфрақұрылымы өте тозғандығына тоқталған болатын. Атап, айтқанда Жылу электр орталығы (бұдан әрі – ЖЭО) зиянды шығарындылары қаладағы экологияллық зияндығына тоқталып, елдегі осындай мәселелерді шешудің уақыты келгендігін жеткізді. Сондықтан Үкіметке әкімдікпен бірлесіп Семейде заманауи ЖЭО салу және инфрақұрылымды жаңғырту мәселесін қарауды тапсырды.

Бүгінде кейбір өңірлерде жылыту маусымы басталды. Ал, осы маусымға дайындық әр аймақта әрқалай болып отыр.

Өздеріңізге мәлім осы жылдың наурыз айында Петропавлдағы ЖЭО-2-де апат болды. Бүгінде аталмыш өндірісте қалпына келтіру бойынша құрылысы жүріп жатыр. Алайда, өндірістегі тозған инфрақұрылымды жаңарту үшін бізде апаттық жағдай орын алып немесе адам шығыны болу керек пе?

Былтыр ауа райы - 33-ке жеткенде, қыстың қақаған аязында Теміртау қаласының халқы жылытусыз қалды. Оған себеп, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2-де бірден бірнеше қазандықтары істен шыққаны.

Сондай-ақ, Түркістан облысы Кентау қаласындағы ЖЭО жағдайыда мәз емес. Негізгі жабдықтары тозған. Жылда ЖЭО-дағы жабдықтарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндай мәселе, Кентау тұрғындары үшін қыс мезгілінде жылу болмай қалу жаңалық емес. Аталған өңірге жаңа ЖЭО салу қажет пе? Қанша қаражатты талап етеді? Дегенмен, мәселе әлі де ашық күйде.

Бүгінде елдегі өндіріс орындарында технологиялық процестерді жаңғыртуға, оның ішінде моральдық және физикалық тозған жабдықтарды жаңартуға инвестициялар мен қаржылары кенжітіп отырады.

Бұдан бөлек, өткен айда Үкіметте 2022-2023 жж. жылыту маусымына дайындық мәселелерін талқылау барысында бірқатар өңірлерде негізгі жабдықтарды жөндеу мерзімдері сақталмайтыны анықталған.

 Әсіресе, 5 станцияда көмірдің нормативтік қоры сәйкес келмейтіндігі баяндалды. Олар: Семей ЖЭО-1, Риддер ЖЭО, Шахтинск ЖЭО-2, Жезқазған ЖЭО, Петропавл ЖЭО.

Тағы бір түйткіл мәселе - энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды болып табылады. Бүгінгі таңда «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешек 7 млрд 353 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында жалпы сомасы 2 млрд 629 млн теңге берешек бар.

Жоғарыда баяндалған негізінде депутаттарға елдегі жылыту маусымы бойынша толық ақпаратты сұрай отыра, төмендегі мәселелерге жауап беруіңізді сұраймын.

1. Нақты, өңірлерде күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындығы қандай күйде?

2. Әлеуметтік нысандарда бекітілген кестеге сай жылумен қамтамасыз етілді ма?

3. Бүгінгі күні еліміздегі ЖЭО-дың жұмыс істеу барысы қалай және алдағы 3 жылдың ішінде ЖЭО қаншасына модернизациялау жоспарланған?

4. Қоймалар мен станцияларда көмір мен мазуттың нормотивтік қоры биылғы жылыту маусымына қаншалықты жеткілікті?

Депутаттық сауалға «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес жауап беруіңізді сұраймыз.

Тегтер: