2 Желтоқсан 13:40

«Дені сау ұлт»: Темекі жарнамасы бақылауға алынбақ

Фото:

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының аясында темекі жарнамасын бақылауға алуды жоспарлап отыр.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі ҚазАқпарат жолдаған сауалға жолдаған жауабында мәлім етті. «Ұлттық жобаның 4-бағытындағы «Салауатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін арттыру және бұқаралық спортты дамыту» іс-шараларын жүзеге асыру үшін 1 млрд 561 млн теңге көлемінде қаражат қарастырылған», - деп жазылған жауапта.

Айтуларынша, бұл қаражат мынадай 11 бағыт бойынша игерілмек:

1) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «STEPS» әдістемесі бойынша инфекциялық емес аурулардың тәуекел факторларының таралуын айқындайтын зерттеу жүргізу, тәуекел факторларының таралуын талдау және шаралар қабылдау;

2) Халықтың ұрпақты болу денсаулығы туралы ақпаратқа қол жеткізуін кеңейту;

3) «Салауатты қалалар, өңірлер» жобасын енгізу;

4) «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасын енгізу;

5) «Салауатты университеттер» жобасын енгізу;

6) Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға арналған «Саламатты мүсін», «Саламатты көру» бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;

7) Алкоголь және есірткі бойынша еуропалық мектептік зерттеу жобасының әдіснамасы бойынша жастар арасында психобелсенді заттарды (ПБЗ) қолдану бойынша зерттеу жүргізу, кейіннен ПБЗ-ға тәуелді жастарды тарту тәуекелдерінің алдын алу және диагностикалау бағдарламаларын әзірлеу және енгізу;

8) Салауатты өмір салтының жаңа қағидаттарын ілгерілету үшін «Е-СӨС» электрондық платформасын құру;

9) Халықтың денсаулық мәселелері бойынша сауаттылығын арттыру, оның ішінде: БАҚ пен әлеуметтік желілерде салауатты өмір салтын насихаттау және денсаулықты қорғау жөніндегі тележобаларды іске асыру;

10) Іске асырылып жатқан іс-шараларды бағалау үшін 13-15 жастағы балалар мен ересектерге темекі өнімдерін тұтыну туралы Global Youth Tobacco Study және Global Adult Tobacco Study стардарты бойынша жаһандық сауалнама жүргізу;

11) Темекі өнімдерін тұтынуды қысқарту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру. Бұл бағыт бойынша қоғамда 100% түтінсіз ортаны енгізу, жарнаманы бақылау, қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салу көзделген.

«Сонымен қатар, аталған іс-шараларды іске асыру үшін Салауатты өмір салтының профилактикасын дамытудың Жол картасы әзірленуде. Бұл өз кезегінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығының артуына, инфекциялық емес аурулардан сырқаттанушылықтың төмендеуіне, азаматтардың еңбекке қабілеттілігінің артуына және мүгедектіктің төмендеуіне ықпал етеді», – деп жазылған ведомствоның жауабында. 

Тегтер: