13 Желтоқсан 20:20

Дәрігер: Жүкті әйелдер карантин шараларын екі есе көбірек ұстануы керек

Фото:
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин жүкті әйелдерге коронавирустан қорғану туралы кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат

.

Алматы. NEGE. «Жүкті әйел өзінің ғана емес, баланың да денсаулығына жауапты екенін есте сақтауы тиіс. Сондықтан, жүкті әйелдер карантин шараларын екі есе көп сақтауы керек. Олар адам көп жерден аулақ болуға, қоғамдық көлікті пайдаланбауға, супермаркеттерге бармауға тырысуы тиіс. Елімізде 6 мыңнан астам жүкті әйел коронавируспен ауырды. Бірақ вирустың балаға берілмейтінін атап өткен жөн. Әлем бойынша балалардың 99% дені сау болып туған», - дейді В. Локшин. Алайда, анасы гигиенаны сақтамаса, бала өмірге келген соң 1-2 күнде ауырып қалуы мүмкін. «Жүктіліктің алғашқы апталарына вирустың қалай әсер ететінін нақты білмейміз. Алғашқы жұқтыру жағдайлары ақпан-наурыз айларында тіркелді, әзірге еш ақпарат жоқ. Бірақ коронавирус инфекциясы кезінде ұрықтың қатып қалуы, түсік тастау жағдайлары болғанын білеміз. Бәлкім коронавирус салдарынан болған шығар. Жүкті әйелдерде өкпенің қабынуы ауыр түрде өтеді. Ал коронавирустың өзге адамдармен шамалас өтетінін тәжірибе көрсетті. Бірақ коронавирустың жанама әсері деген түсінік бар. Ауру жұқтырғандар саны күрт көбейгенде, көптеген клиникалар жабылды және барлық әйелдерді қабылдап үлгермеді. Сонда коронавируспен емес, акушерлік патологиямен байланысты асқынулар көп тіркеліп, биыл Қазақстанда ана өлімі көбейді. Вирус туралы мәлімет аз болғанда, жас отбасыларға жүктілікті пандемия аяқталғанша кейінге қалдыруды айтатынмын. Яғни, инфекция қаупінен мұқият қорғану қажеттігін ұмытпау керек», - дейді профессор. Оның сөзіне қарағанда, жүкті әйелдер үшін де, басқалар үшін де тағам құрамында дәрумендер болуы керек. Жемістер мен көкөністерді көбірек тұтынған жөн. «Әсіресе, диабетпен ауыратын науқастар майлы, тәтті, ұннан жасалған тағамдарды көп жемеуі қажет. Олар вирус үшін жақсы орта жасайды. Неліктен диабетпен ауыратындар инфекцияға бейім келеді? Қант диабеті кезінде иммунитет төмендейді, вирустың тез көбею мүмкіндігі болады. Гипертония, семіздікпен ауыратын науқастарда да коронавирус ауыр өтеді. Олардың арасында өлім-жітім саны өте жоғары», - деп қорытындылады Вячеслав Локшин.

Тегтер: