15 Маусым 13:16

Бұл не қылған батпан құйрық... Тегінге НЕГЕ құмармыз?

Фото:

Осы тақырыпты оқыған кез келген адам «Қазақ қана тегінге құмар емес қой» дейтін шығар. Мұндай пікір де орынды. Бірақ дәл солай болмаса, қайда тегін нәрсе бар десе, сол жерге құстай ұшып барып, өзара тартысып, жаға жыртысып жүрмес еді ғой деген ой келеді.

Қазақ табиғатынан жалқау ма? Егер жатыпішер жалқау, бәзбіреуге масыл болса, осыншама байлыққа тола жерімізді қорғап қала алмас па еді?! Бұл – елі үшін, жері үшін найзаның ұшымен, білектің күшімен күрескен ата-бабамыздың қамсыз болмағанына дәлел. Ал бүгінгі бейбіт заманның тұрғындары ше? Олар тегін дүниеге таласатындай не басына күн туды?

Көптен бері осы мәселе көкейде жүрген. Қоғамда болып жатқан жағдайларды пайымнан өткізсем, пікірім «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген тәмсілден алыстап кететін сияқты. Неге? Оған төмендегі жайттар себеп. Ешқайсысы да ақтап алуға жатпайды.  

Осыдан бес-алты жыл бұрын Шымкентте тауық өсіретін компанияның бірі бір реттік қайырымдылық акция өткізіп, тегін жұмыртқа таратқан еді. Бұл шараға негізінен әйелдер жиналды. Олардың әрқайсысы 60 жұмыртқадан алуы тиіс болған. Жиналған жұрт жұмыртқа үшін жұлысып, соңы бір-бірінің басын жарумен аяқтала жаздаған. Сорақысы сол, оларды сабасына түсіру үшін полицейлердің араласуына тура келді. Таратылған жұмыртқадан, жарылған жұмыртқа көбірек болып бара жатқан соң, акция өткізгендер ақыры қашып құтылды. Бұл – бір дәлел.

Екінші, 2016 жылы дәл сол Шымкентте жағдайы төмен тұрғындар тегін күрішке таласып, жаға жыртысты. Қайырымдылық акциясына Достық шағын ауданынан 80 адам тізім бойынша шақырылған. Бірақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың саны одан да көп болып шықты. Азық-түліктің тегін таратылатынын естіген тұрғындар акция өтетін орынға жиналып, наразылықтарын білдірді. Олар ұйымдастырушылардан неліктен тізімге енбей қалғанын түсіндіріп беруді талап еткен. Сол кезде жергілікті билік «Мұның бәрі аудан кәсіпкерлерінің көмегімен болып жатқан іс-шара. Алдағы уақытта бұл өз жалғасын табады деген сенімдемін» деп бәйек болды.

Шынтуайтында, тізімге енбей қалған жұрттың бұлай қоқан-лоқы көрсетуі дұрыс емес те. Әгәрәки, сол күрішті тегін бермегенде не істер еді? «Біз тізімде неге жоқпыз?!» деп доқ көрсетуіне де негіз жоқ. Себебі, бір күнде мұқтаж жанның бәрін жарылқау әсте мүмкін емес.

Үшінші, былтыр желтоқсанда Шымкентте «500 кілемді тегін таратамыз» деген жарнамаға сеніп, дүкенге ағылған нөпір халықты полицейлер әзер тоқтатқан. Тегін дүниеден дәмелі мыңнан аса адам тұрғын түнгі сағат екіден кезекке тұрды. Бірақ қарақұрым халықтан шошынған кәсіпкер дүкенін ашпай қойды. Өзі 700 мың теңге айыппұл арқалады.

Төртінші, биыл ақпан айында елордада гүл дүкенінің ашылуына орай ұйымдастырылған ұтысқа 3 мыңдай адам жиналды. Халық карантинге қарамастан ұтысқа таласып басын қауіп-қатерге тікті.

Мұнда арақашықтық сақтау былай тұрсын, адамдар бірін-бір таптап кете жаздаған. Біразы тіпті ғимараттың шатырына шығып кеткен. Ал, дүкен орналасқан Мәңгілік ел көшесінде көпшіліктің шамадан тыс жиналуынан кептеліс пайда болды. Бір мезетте 3 мыңдай адамның осы жерге ағылуына себеп болған басты жүлде – жеңіл көлік. Жұрт дүкенге баса-көктеп ұмтылды.

Індет өршіп тұрған кезде ұтыс ойынын ұйымдастырушылар полиция департаментіне жеткізіліп, көпшілік-мәдени шараларды өткізу ережесін бұзу бойынша әкімшілік жазаға тартылып, 60 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Бұдан өзге абаттандыру мәселесін бұзғаны бойынша 30 АЕК, заңды белден басқаны үшін 230 АЕК, яғни 700 мың теңге айыппұл төледі.

Дәл осындай соңы ұятты жағдаймен аяқталған оқиға көп. Бейбіт заманда он екі мүшесі түгел адамның тегін дүниеге таласуы ерсі көрінбей ме? Тіпті, сол көрініс бейнежазба арқылы күллі Қазақстанға тарап кетті. Өздеріне сырт көзбен қарағанда қандай күйде болды екен? Ал олардың балалары ше, намыстан өртенбей бе? Әлгі ертегідегі қасқырдың жолда төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығын көріп, «Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?!» дегенінде, түлкінің: «Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар...» дейтініндей заман жоқ қазір. Батпан құйрық ешқашан жолда жатпайды...

Күлмаш Елшібаева, психолог:  

«Тезірек байып кетсем екен» деген ой түпсанаға кіріп алған

– Мұндай тек қазақ халқында ғана емес, кез келген ұлтта болып тұратын жағдай. Яғни, бұл масылдық психология, біреудің мойнына мініп алу. Жалпы, адамдар бұған бейім. Мәселен, бай адам, рухани жағынан биік адам мұндайға бармайды. Мұны рухани азғындық деуге де болады. Біз өзі еліктегіш халықпыз ғой. Бірақ масылдық психология көбінесе еріншек, жалқау, дайынға иелік етуді үйреніп алған адамдарда болады. Дәл осыны көрген балалар да сондайға құнығып өседі. Психологиялық тұрғыдан олармен жеке-жеке жұмыс істемесе, пайдасы жоқ. 

Масылдық психология – кері кеткен, рухани жағынан төмен адамдарда жиі кездеседі. Олардың түпсанасына «Тезірек байып кетсем екен» деген ой  кіріп алған. Маңдай терімен, адал еңбегімен жұмыс істейтіндер мұндайға бармайды. Өйткені, оның өтірік екенін біледі. Көкірек көзінің соқырлығы тағы да рухани деңгейдің төмендігіне тіреледі.

Оны сауатсыз дей алмаймыз. Тіпті, сауатты болса да, небір қаржы пирамидаларына кіріп кетіп, шыға алмай жүргендер көп. Қаржы пирамидасына да кіріп жатқандардың көздегені – тез байып кету. Бастапқыда өзі кіреді, сосын айналасындағыларды шақырады, сосын барынан айрылады. Ештеңе салмадым дегеннің өзінде қаншама жүйке талшықтары жұқарады.

Мұны қоғамның азғындығы деп те айта алмаймыз. Себебі, әрбір адам – жеке тұлға. Ол өзінің өлетін жерін білуі керек. Бірақ ертеңгі күнін ойламайтыны осыған кереғар болып тұр. «Анау бүйтіпті, мынау сөйтіпті, тез байып кетіпті» деп тобырмен кіріп кетеді. Тобыр психологиясы басқаруға келмейтін нәрсе.   

Індет кезінде шетелдің өзінде дәретхана қағазына таласып, төбелесіп жатқандарды көрдік. Бұл да тобыр психологиясы. Үйінде дәретхана қағазы жеткілікті болса да, «мен де артығымен алып қалайын» деген оймен барды. Бұл психиканың әлсіздігі, екінші – масылдық, үшінші – тобырға еріп кету. Өзін-өзі құрметтейтін, рухани бай адам ондайға бармайды.

Тегтер: