18 Қаңтар 14:15

Болат Назарбаевқа қатысты тың деректер шықты

Фото:

Азаттықтың Қырғыз қызметінің дереккөздері Болат Назарбаев пен оған жақын бірнеше адамның Бішкекке келіп, кейін Дубайға ұшып кеткенін айтқан. Бұған дейін де ақпарат құралдарында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісінің елден кеткені жайлы ақпараттар тараған еді.

Алматы, NEGE.  Қырғызстан шекара қызметінің бірнеше өкілі Азаттықтың Қырғыз қызметіне Болат Назарбаев пен оның жанындағы бес-алты адам 6 қаңтар таңертең "Ақжол" шекара бекеті арқылы Қырғызстанға өткенін айтқан.

Аты-жөнін жарияламауды өтінген шекара қызметкерлері "Болат Назарбаев пен оның жанындағыларды Қырғызстан билігіне жақын адамдар күтіп алғанын" айтады.

Азаттықтың Қырғыз қызметіне "6 қаңтарда Қырғызстанға өтті" делінген Болат Назарбаев, Нұрсайын Назарбаев және Бауыржан Нұрғазыұлы атты адамдардың паспорт көшірмелері келіп түскен.

Ашық дереккөздерде Нұрсайын Назарбаев жайлы дерек жоқ. Ал Бауыржан Нұрғазыұлы Алматыдағы "Барыс" базары басшыларының бірі деген дерек бар. Бұдан бөлек, Нұрғазыұлы Алматы облысы Қаскелең қаласында құрылған "БН Қаскелең" футзал клубының президенті ретінде көрсетіледі.

Қазақ-қырғыз шекарасы маңындағы таксистер Азаттықтың Қырғыз қызметіне Назарбаевтың "жақындары бар деген терезелері қараңғыланған автокөліктер" Қырғызстанға өткенін жеткізген.

Қордайдан "Ақжол" бекеті арқылы Қырғызстанға өткен қазақстандық белсенді әрі #ND YouTube-арнасын жүргізетін журналисті Думан Мұхамедкәрім де осы бекеттен Назарбаевтың жақындары Қырғызстанға кіргенін естіген.

"Осы жақтағы жергілікті тұрғындар өз көзімізбен көрдік деп айтып берді. Сол жақта симкарта сатқандар Назарбаевтың жақындары балаларын жетектеп өтті деп айтты. Камераға айтып беріңдер десем, қорқамыз деп бас тартты" дейді ол.

Бұдан бөлек, Бішкектегі "Манас" аэропортының аты-жөнін жариялауды қаламаған бірнеше қызметкері Азаттықтың Қырғыз қызметіне Болат Назарбаев пен бірнеше адамның Қырғызстан арқылы Дубайға ұшып кеткенін айтқан.

Ал "Манас" әуежайының баспасөз хатшысы Әлия Құрбанова 6 қаңтарда Дубайдан Бішкекке жеке ұшақ ұшып келгенін растады.

"Bombardier ұшағы 2022 жылғы 6 қаңтарда "Манас" халықаралық әуежайына қонған. Ұшақ Дубайдан ұшып келген. Ұшақ кімдікі екенін белгісіз. Коммерциялық ұшақтың жолаушыларының кім екенін де білмейміз. Бұл біздің міндетімізге кірмейді" дейді ол.

Қырғызстан ресми органдары Болат Назарбаевтың Бішкектен ұшып кеткенін жоққа да шығармады, растамады да. Шекара қызметі елге келген және кеткен азаматтардың деректерін беру заңға қайшы келетінін айтып, ақпарат беруден бас тартты.

Тегтер: