27 Мамыр 10:36

Блокпосттағы көлік апаты: 3 лауазымды қызметкер жұмыстан босатылды

Фото:

25 мамырда Алматы облысындағы блокпостта екі полиция қызметкері қаза тапқан қайғылы оқиғаға Ішкі істер министрлігі тексеру жүргізді. Қызметтік тескеру нәтижесінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен тоғыз қызметкерге тәртіптік жаза қолданылды.

Алматы, NEGE. Алматы қалалық ПД патрульдік полиция полкі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі К.Е.Сатаев, Алматы қаласы ПД Кадр саясаты бөлімінің бастығы, полковник О.С.Мырзабеков, Жеке құрам инспекциясының бастығы, полиция полковнигі Ақылбеков қызметтерінен босатылды. Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі М.А.Саттаровқа, Алматы өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі С.О.Көкірекбаевқа, Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі А.А.Нашарбековке ескерту жасалды.

Қ.Таймерденов

Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қ.Д.Таймерденов те қатаң сөгіс алды. Сонымен қатар, ПД бастығының орынбасары Н.С.Алмасбековке, баспасөз қызметінің жетекшісі С.Әзірбекке де қатаң сөгіс берілді.

С.Әзірбек

"Әрбір басшы өз қарамағындағы қызметкерлерге жауап береді. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Алматы қаласының полиция басқармасында бұл жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде біз бірден екі қызметкерден айырылдық, бір қызметкер ауыр жарақат алды. Бұл барлығымыз үшін, әсіресе, туған туыстары үшін орны толмас қайғы. Сондықтан осы төтенше жағдайдың болуына жол берген бірқатар басшыға тиісті шаралар қабылданды. Ішкі істер министрлігінің басшылығы қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етуді, полиция қызметкерлерінің кез келген заңбұзушылықтарына принципті баға беруді және жаңа талап бойынша жұмыс істегісі келмейтін немесе жұмыс істемейтіндердің қатарын тазартуды талап етеді", - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Қайғылы оқиға 25 мамыр күні таңға жуы № 4 блокпоста болған. BMW жүргізушісі мас күйінде бетон қоршауға соғылып, сол екпінмен патрульдік полиция көлігін соққан. Соның салдарынан екі полиция қызметкері көз жұмды. Үшінші полиция қызметкері жансақтау бөлімінде жатыр. Апатқа кінәлі жүргізуші бұрын полицияда жұмыс істеген.

Тегтер: