БҚО: 20 мұғалім вирус жұқтырған

Батыс Қазақстан облысында 20 мұғалім коронавирус жұқтырған, – деп хабарлайды «Мой город» порталы.
Алматы, NEGE. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, 1 қарашадан бері өңірде 45 бала COVID-19 жұқтырған. Оның 19-ы 5-10 жастағылар.
«Балалардың 80 пайызында симптом белгілері байқалмаған. Олар коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған. 1 қыркүйектен бері облыста 6 мектеп карантинге жабылды, олардың үшеуі аудандарда орналасқан. 7 тәрбиеші мен олардың көмекшілері, әрі мектепке дейінгі мекемелердің 7 тәрбиеленушісі вирус жұқтырған», – дейді Нұрлыбек Мұстаев.
Сонымен қатар, ол 20 мұғалімнен COVID-19 анықталғанын атап өтті. Оның үшеуі бастауыш сыныпта жұмыс істейді. Мектептердегі 18 кезекші сынып карантинге жабылған.
«Ауру анықталған мектептер мен балабақшаларда дезинфекция жүргізілді», – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары.