Бір күнде мас күйінше көлік тізгіндеген 14 жүргізуші ұсталды

Солтүстік Қазақстан облысында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция экипаждарының саны көбейтіліп, нәтижесінде жолда жүру ережесін өрескел бұзушылар жазаланып жатыр.
Алматы, NEGE. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні облыс жолдарында 500-ден аса құқық бұзушылық анықталды. «Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат - жолдардағы тәртіпті нығайтуға бағытталған. Бұл өз кезегінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне септігін тигізеді. Көбіне жол қозғалысы ережесіне мән бермейтін көлік жүргізушілері мен жүргіншілер арасында профилактикалық жұмыстар күшейтілді», - дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Бұл күндері құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге аудандық, облыстық және республикалық маңызы бар жолдарда, сондай-ақ елді мекендерде қызмет атқаратын 119 автопатруль жұмылдырылды. Жылдамдық режимін арттырғаны үшін бір күннің ішінде 70 жүргізуші жазаға тартылды. Мас күйінде рөлге отырған 14 адам анықталды. 7 автомобиль жүргізушісі көлік құралын басқару құқығынан айрылғанымен рөлде болған. Қауіпсіздік белбеуін тақпаған 81 жүргізушіге хаттама толтырылды. Айып тұрағына 5 автокөлік қойылды. Жолдағы тәртіпсіздігі үшін жаяу жүргіншілер де жазаланды. СҚО-да бір күннің ішінде белгіленбеген жерден жолды кесіп өтудің 84 дерегі тіркелді.