12 Маусым 15:36

Билік журналистерге «баспасөз орталығын» ашып бере ме?

Фото:

Қазақстан билігі шеруге қатысатын адамдар саны 200-ден асса және ақпарат құралдары өтініш түсірсе, шеруден ақпарат тарататын журналистерге арнайы баспасөз орталығын ашуға ниетті.

Алматы, NEGE. Бұл жөнінде ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бейбіт жиын туралы жаңа заңдағы журналистердің жұмысына қатысты ережелерді онлайн талқылау кезінде айтты.

Министрдің айтуынша, шеруге қатысатын адамдар саны 200-ден асса және ақпарат құралдары өтініш түсірсе, шеруден ақпарат тарататын журналистерге арнайы баспасөз орталығы ашылады. Бұл орталық қызметін пайдалану үшін БАҚ өкілдері әкімдікке шеру өтерден кемінде екі күн бұрын өтініш беруі тиіс. Мұндай жерлерде журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін оларға ішкі істер орган қызметкерлері бекітіледі. Бейбіт жиын басталғанға дейін әкімдік ақпарат құралдарын «өз өкілдерімен» қамтамасыз етеді. Олар БАҚ өкілдеріне спикерлерді дайындауға, қажетті ақпарат, байланыс нөмірін табуға көмектеседі.

«Дегенмен журналистердің өз қызметін атқаруы осы баспасөз орталығымен шектелмейді» деді министр.

Informburo сайтының бас редакторы Михаил Дорофеев орталық журналистерді қуып тығатын орынға айналмауы тиіс деп журналистердің шерудің ортасынан ақпарат тарату құқығын шектемеуді сұрады. Талқылау кезінде «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева шерулерде журналистердің құқығы жиі бұзылатындықтан мұндай заңсыздықтарды тіркеу қажеттігін айтты.

Тегтер: