20 Маусым 14:53

«Бес жылдан бері сусыз отыр»: Баян Алагөзова облыс әкімінің көмек беруін сұрады

Фото:

Якорь ауылының тұрғындары жылдар бойы ауыз судың азабын тартып келеді. Бастамашыл топ актрисаға өтініш айтты, өйткені оларға ешкім көмектесе алмай отыр.

Алматы, NEGE. Белгілі қазақстандық актриса, продюсер Баян Алагөзова Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтан Якорь ауылын сумен жабдықтау проблемасын шешуді сұрады. Баян Алагөзова өзінің Instagram парақшасында өзінің видео үндеуін жариялады.

«Якорь ауылында тұратын екі мың адам бес жылдан бері сусыз отыр. Бес жылдан бері!  Әкімдікке хат жазып, БАҚ-ты шақырса да, еститіндері бір жауап: «құбырлар ескі, оларды ауыстыру керек». Бірақ қашан ауыстырылатынын айтпайды. Мен бұл мәселеге қатты алаңдап отырмын, сондықтан әкімдікке, нақтырақ айтқанда Солтүстік Қазақстан облысының әкіміне сөз арнаймын. Құрметті Құмар Іргебайұлы, сізден аталған мәселеге назар аударып, бақылауға алуыңызды сұраймын», – деді Баян Алагөзова.  

Сондай-ақ продюсер ауыл тұрғындарына жағдайды бақылап отыруға уәде беріп, фото, видео және басқа да материалдарды жіберіп, мән-жайдан хабардар етіп отыруды өтінді.

«Тиісті органдар мені естиді және бұл мәселе шешіледі деп үміттенемін. Бұл мәселені шешуге ақша бірнеше рет бөлінгендіктен, құбырларды ауыстыруға қарастырылған ақшаның қайда «ағып» жатқанын тергеп, анықтауды сұраймын», – деп түйіндеді Алагөзова.  

Якорь ауылының тұрғыны Екатерина бастамашыл топ ашынғаннан актрисадан көмек сұрағанын айтты, өйткені оларға ешкім көмектеспей отыр. «Баян бірден жауап берді. Ол бірнеше жыл бойы жинақталған барлық материалды жіберуді өтінді. Бізге көмектеседі деп үміттенеміз», – дейді ауыл тұрғыны.

Якорь ауылы Петропавлдан небәрі 19 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда үйлердің көпшілігі орталық су құбырына қосылғанмен, құбырлардың ескіруіне байланысты су әлсіз қысыммен және сағатпен беріледі, ал ол кейбір көшелерге мүлдем жетпейді. Якорь тұрғындары судың әр тамшысын үнемдеуге мәжбүр. Олардың судың сапасына да шағымы бар.

Халық құзырлы органдарға бірнеше рет шағым түсірген. Еститіндері бір ғана жауап – ескі құбырлар тозған. Мұндағы су тарату желілері өткен ғасырдың 70-жылдарында салыныпты, жергілікті шенеуніктердің айтуынша, егер қысымды күшейтсе, құбырлар жарыла бастайтын көрінеді, содан кейін ауылда су мүлдем болмайды. Билік елді мекен ішіндегі су тарату желілерін жөндеуге уәде беріп отыр. Жұмыстың қашан басталатыны әзірге белгісіз.   

Тегтер: