2 Желтоқсан 17:21

Бердібек Сапарбаев «командамен жүреді» деген сынға жауап берді

Фото:

Жамбыл обылысының әкімі Бердібек Сапарбаев ОКҚ алаңында тілшілердің «билік жолында командамен жүресіз бе?» деген сұрағына жауап берді.

Алматы. NEGE. «Біріншіден, «командамен жүресіз бе?» деген маған алғаш рет қойылып отырған жоқ. Қайда жұмыс істесем де осы сұрақ маған қайта қойылып жатады. Бәріне айтарым: Қазақстанның Конституциясына сәйкес, еліміздің кез келген азаматы Қазақстанның кез келген жерінде еңбек ете алады. Бұл бір. Екіншіден, Ержан Жылқыбаев туралы айтар болсам, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жамбыл облысының бұрынғы орынбасары лауазымынан босатылған болатын. Ал ол әлеуметтік мәселелер үшін жауап беретін. Өзіңіз білетіндей, Ержан Жылқыбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары болған. Сондықтан бұл саланы бес саусағындай білетін азамат керек болды», - деді Жамбыл обылысының әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бердібек Сапарбаев күш құрылымдарының аймақтық басшыларын, прокурорларды, ҰҚК-ның өңірлік департаментінің басшыларын Жамбыл облысының әкімі тағайындамайтынын айтты.

«Дәл сол кездегі (Қордайдағы оқиға) жағдайға байланысты бәлкім, бұл істерден хабары бар азаматтар керек болған болар. Ақтөбе облысында террор болған кезде дәл сол қызметкерлер сонда жұмыс істеген. Осыны ескере отырып, Бас прокуратура мен ҰҚК басшысы ұлтаралық қарым-қатынас саласында қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін Жамбыл облысына сіз айтқан (журналист қойған сұрақ бойынша) басшыларды тағайындаған болуы керек», - деді ол.

Бердібек Сапарбаев жергілікті кадрлардан да өңірлік билікке мамандар тартылып жатқанын айтып өтті. Мәселен, әкімнің орынбасары Талғат Мамаев Жамбыл облысында туған. Сапарбаевтың айтуынша ол орталық және өңірлік деңгейде де қызмет еткен білікті маман. Аппарат басшысы да жергілікті кадрлар қатарынан шыққан.

«Әлбетте ең бірінші кезекте біз жергілікті кадрлар жұмыс істегенін қалаймыз», - деп түйді әкім.

Тегтер: