24 Желтоқсан 10:55

Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толды

Фото:

Қазақтың қайсар ұлдарының бірі, Екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлігімен ел есінде қалған, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлының туғанына бүгін 110 жыл толды.

Алматы, NEGE. Ол 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысы Жуалы ауданының Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Бала Бауыржан үш жасында анасынан айырылып, әжесінің тәрбиесін көріп өседі. Ал 19 жасында тоғыз жылдық мектепті бітірген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол аудандық атқару комитетінде де бірнеше қызмет атқарған. 1932 жылы әскерге шақырылып, Орта Азия әскери округі 3-ші Түркістан атқыштар дивизиясының 14-ші тау атқыштар полкына курсант ретінде қабылданады. Сондай-ақ Бауыржан Момышұлы полк мектебін, артиллериялық әскери училищені бітіріп, офицер атанады. Осылайша, ол Отан алдындағы борышын өтеп, запасқа шығарылады.

1936 жылдың наурызында Қызыл әскер қатарына екінші рет шақырылып, Қиыр Шығыс армиясында әскери борышын өтеді. 1940 жылдың ақпанында Бауыржан Момышұлы Киев Арнайы әскери округіне ауыстырылды. Ал 1941 жылғы қаңтарда Алматыдағы Орта Азия әскери округіне ауыстырылып, Қазақ КСР республикалық әскери комиссариатының әскерден тыс дайындық аға нұсқаушысы болып тағайындалды. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін округте генерал-майор И.В.Панфиловтың қолбасшылығымен 316-шы атқыштар дивизиясы жасақталғанда, маусым айының соңында аға лейтенант Б.Момышұлы 1073-ші Талғар атқыштар полкының батальон командирі болды. Тамыз айының соңында дивизиямен майданға аттанған. Мәскеу үшін шайқаста аға лейтенант Бауыржан Момышұлы 27 шайқасқа қатысқан. Жеке құрамның табандылығы мен жаппай ерлігі үшін КСРО Қорғаныс халық комиссарының 1941 жылғы 8 қарашадағы бұйрығымен дивизияға гвардиялық атақ беріліп, 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы атауына ие болады, ал Бауыржан Момышұлы құрамында шайқасқан 1073-ші атқыштар полкы 19-шы гвардиялық атқыштар полкы атанады.

1941 жылдың 16-18 қарашасы аралығында Мәскеуге жасаған вермахтың екінші ірі шабуылында Бауыржан Момышұлының батальоны дивизиядан оқшау Волоколамск тасжолында ерлікпен шайқасады. Батальон командирінің шебер басшылығы немістерді аталған қорғаныс шебінде үш күн ұстауға және батальонды қоршаудан соғысқа жарамды етіп шығаруға мүмкіндік береді. Ол 1941 жылы Мәскеу түбінде маневрлі қорғаныс жағдайында барлығы 27 шайқас өткізген. Осы ұрыстарда Бауыржан Момышұлы екі рет жараланған, соған қарамастан соңына дейін майдан алаңын тастағысы келмейді. Ол «Қызыл Ту» орденімен және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Капитан Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады, алайда бұл атақ оған берілмейді. 1941 жылдың соңында Момышұлы капитан, кейін майор атағын алды. Одан соң 1942 жылдың қазан айында подполковник, ал сегіз айдан кейін полковник атағына ие болды. Шайқастардың бірінде алған жарақаттары сыр беріп, 1943 жылдың қарашасында Бауыржан Момышұлы госпитальге жатқызылады. Ем алып болған соң оған демалыс беріліп, ал 1944 жылдың мамырында оқуға жіберіледі.

1944 жылдың желтоқсанында ол К.Е.Ворошилов атындағы Жоғары Әскери академия жанындағы офицерлік құрамды жетілдіру курсын тәмамдайды. 1945 жылдың қаңтарында Б.Момышұлы дивизия командирі лауазымын атқарумен 1-ші Балтық жағалауы майданы 6-шы гвардиялық армиясының 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы командирінің орынбасары болып тағайындалады. 1945 жылдың ақпан-наурызында оның дивизияны ұтымды басқаруы нәтижесінде Приекуле станциясының солтүстік-батыс жағындағы жау қорғанысының үш белдеуін бұзып өтеді. Дивизия шабуылының нәтижесінде 15 елдімекен азат етіліп, жауға орасан зор зиян келтіреді.

1948 жылдың соңында полковник Момышұлы Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының қарамағына қабылданып, Шығыс Сібір әскери округі 49-шы дербес атқыштар бригадасы командирінің орынбасары болады. Ол 1950 жылы Калининдегі В.М.Молотов атындағы Тыл және жабдықтау Әскери академиясының жалпы тактика және шұғыл ұрыс өнері кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарады.

1955 жылы сырқатына байланысты Кеңес Әскері қатарынан отставкаға шығады. Ол Алматыға оралғаннан кейін өмірін жазушылыққа арнайды. Баспасөздерде мақалалар жариялап, очерктер жаза бастайды. Ол «Офицер күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас» әңгімелер жинағы, «Генерал Панфилов» өмірбаяндық хикаяты, «Біздің семья» әңгімелер жинағын жазған. Сондай-ақ КСРО Жазушылар Одағының мүшесі болды. Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда Алматыда дүниеден өтті.

1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлыққа қол қойылды. Одан соң «Халық қаһарманы» атағы берілді, 2000 жылы Бауыржан Момышұлы «Ғасыр адамы» деп танылды.

Тегтер: