27 Мамыр 10:45

Батыс Қазақстаннан Мақтааралға 12 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді

Фото:

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге жалпы салмағы 12 тонна гуманитарлық жүк жөнелтілді.

Алматы, NEGE. БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы мәлім еткендей, жүк көлігі Орал қаласындағы Достық үйінің ғимараты алдынан жолға шықты. Батыс Қазақстан этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, облыс кәсіпкерлері мен БҚО ҚХА еріктілері азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек, күнделікті және басқа қажетті тауарларды жинап берді. Соның ішінде армян, татар, ұйғыр, әзірбайжан, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталықтары, сондай-ақ «BIRLIK» еріктілер тобы, «Достық» қазақ-вайнах клубы, «UralskRunners» әуесқой жүгірушілер клубы, «Patriot» спорт клубы, «Қадырғалиев Т.А.» жеке кәсіпкерлігі сүбелі үлес қосты.

«Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясынан Мақтаарал тұрғындарына гуманитарлық көмек» деген сөздер жазылған баннерде ҚХА мен Орал қаласының логотипі де бар. «Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер, жеке кәсіпкерлер осылайша Мақтааралға қолұшын создық. Кезінде Батыс Қазақстан облысында да су тасқыны болған кезде барша ел көмектесіп еді. Енді мұндай апат болмаса екен. Біз қиын шақта да біргеміз. Қай кезде де бірлігімізді ту етіп, қайырымдылық, мейірімділікті ұмытпауға тиістіміз. Осындай істі кейінгі жас ұрпақ та жалғастырады деп сенеміз», деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Данильбек Саратов.

Тегтер: