15 Қыркүйек 10:58

Бар қуыстың бәрі есік. Базарлар қалай жұмыс істеп тұр? (фоторепортаж)

Фото:

Коронавирус індетінің беті қайтар түрі жоқ. Медицина мамандары жаппай вакциная салынғанда ғана қауіп сейіледі дегенді әу бастан айтқан. Соңғы мәлімет бойынша Қазақстанда небәрі 5,91 млн адам ғана вакцинаны толық алған. 

Алматы – Қазақстан бойынша вирустың ең көп тіркелетін қала. Оның себебі белгілі: адам саны көп, санитарлық талаптар сақталмайды, жұрт той-томалақты тоқтатар емес. Содан болар, вирустан көз жұмғандардың ішінде ең көбі де Алматы қаласында.

Алматы және Алматы облысы – қызыл аймақта. Осы ретте адам көп шоғырланатын базарлардың қалай жұмыс істеп жатқаны қызықтырды. Nege.kz тілшісі санитарлық талаптар қаншалықты сақталғанын білмекке бірқатар базарды аралап шықты.

«Көк базардың» нарқы бөлек

Алматы жұртшылығы жақсы білетін «Көк базар» карантин талаптарын Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулылары негізінде барынша сақтауда. Базардың оңтүстік және солтүстік кіреберісіне ASHYQ қосымшасымен кіретін 4 бірдей есік қойылған. Және маска режимі ескертіліп, кірген-шыққанды қадағалап отыратын арнайы қызметкерлер тұр. Аптаның басы әрі жұмыс күні екенін ескерсек, шоғырланған халық саны аз емес. 

Одан бөлек, базар ішінде вакцинация орталығы жұмыс істеуде. Бірақ, базар ішінде вакцина салғызып жатқан адам қарасы аз. 

Дәрігерлермен тілдеспек болғанымызда неге екені белгісіз, олар: «№1 емхананың бас дәрігерінің рұқсатынсыз БАҚ-қа ләм-мим дей алмаймыз», – деді.

Базар әкімшілігі де алдын-ала келісім болып, бірқатар құжаттар толтырылмайынша, саудагерлердің қанша пайызы вакцина алғанын айта алмайды екен. 

«Алтын Орда» – бөлек мемлекет 

Аталған базар жайлы бұған дейін де әлеуметтік желіде шу шыққан. Базар әлемде пандемия өршіп, қатаң карантин болып жатқан тұста да жабылмады. Биыл оқу маусымының қарсаңында шоғырланған жұрт тіпті көбейді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте отандық БАҚ Алматы облысының бас санитар дәрігеріне: «Алтын Орда» базары неге жабылмайды?», – деген сауал қойды. Шенеуніктің жауабы күлкі шақырды.

«Алтын Орда» – республикалық маңызы бар сауда базары. Онда Алматы облысын ғана емес, Алматы қаласын да азық-түлікпен қамтамасыз ететін 40-қа жуық қойма бар. Қалай болғанда да біз эпидемияға қарсы шараларды талап етеміз. Базар оны орындауға тырысып жатыр, – деді Алматы облысының бас санитар дәрігері Ерғали Сыдыманов.

Сыдымановтың сөзі бекер сияқты. Мұнда ешкім эпидемияға қарсы шараларды талап етіп жатқан жоқ. Талапты сақтап, маска киіп жүргендердің де қарасы аз.

Тіпті, жаңа базардың кіреберісінен де емін-еркін кіріп-шығып жүрген адам. Ashyq – елдің бәріне ашық. 

Қазір базарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ескі базар маңындағы бар қуыстың бәрі есікке айналып кетіпті. Карантин талабы түгілі өзі де жоқ. 

Келесі бекет – «Оптовка»

«Оптовка» – Розыбакиев көшесінде орналасқан. Азық-түлік  базарын алматылықтар осылай атайды, тіпті, базар маңдайшасында да осылай жазулы тұр. 

Карантин талаптары қатаң сақтаулы деп айта алмаймыз. Базарға кіріп-шыққандардың Ashyq статусын ешкім тексеріп жатқан жоқ. Ал сауда қызып жатыр. 

«Байсатта» да бәрі ашық

Алматылықтар ең көп келетін, күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды сататын бұл базар да карантин талабын сақтап жатқан жоқ. 

Ashyq ілулі болса да, ешкім тексермеген соң оны елеп жатқан жан көрмедік. 

«Алматы-1» базары да қамсыз 

Біз базар аралап жүргенде түс ауып кетті. Бәлкім, содан шығар кіреберісте Ashyq тексеріп отырған ешкімді көрмедік. Құдды бір Алматы қызыл емес жасыл аймақта іспетті жайбарақат тіршілік. 

Соңғы бекет – «Жетісу» базары

Өзге базарлармен салыстырғанда, «Жетісу» базарында адам саны аз. Карантин талаптары мұнда да жоқ.

Базардағы кейбір қатарлар мүлдем жұмыс істемей тұр.

P.S: Міне, Алматы базарларының жайы осындай. Елдің жайын білгің келсе, базарға бар. Тапқанын сатқан саудагерді, саудагерді қаумалаған жұртты вирустың қаупінен гөрі бала-шағаның тамағының қамы көбірек мазалайтынын байқауға болатындай.  

Арман Құдайберген, Алматы.

Тегтер: