16 Маусым 19:58

Балалар ойыншығынан бизнеске дейін

Фото:

Қазақ ежелден бала тәрбиесі мен денсаулығына ерекше назар аударған. Болашағын баладан көрген бабаларымыз ұрпағының немен ойнайтынына дейін бей-жай қарамайтын-ды. Қазіргілер ше? Жаңа ғасырдың басында туғандар арасында асық атып, түрлі дала ойындарын ойнайтындар аз. Сонда бүгінгі балалар немен ойнап жүр? Турасын айтсақ, балаларымызды кім ойнатып жүр?

Қазір замана көші батыс мәдениетінің соңынан кетті. Нарықтағы тауарлардың дені соған ыңғайланып жасалуда. Жуырда әлеуметтік желіде осы жылы танымалдыққа ие болған «Поп-ит» атты «ойыншық» жайлы сыни пікір қаптап кетті. «Балаларға арналған антистресс» деп таралған ойыншықтың, керісінше, бала санасына кері әсер ететінін айтып, психологтар дабыл қақты. Әрі-беріден ойыншықтың сыртқы көрінісі ұлттық танымымызды тұқыртуға бағытталғандай көрінді. Белсенділер «Поп-ит» ойыншықтарында пайдаланылған түстер ЛГБТ туын насихаттайтынын айтады.

Отандық өндірістің халі нешік?

Осындайда «Шіркін, өнім өзімізден шықсашы» деп сан соғып жатамыз. Бір кездері әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов та балаларға арналған ойыншықтар шығарып, отандық өндірістің дамуына үлес қосамын деп білек сыбана кіріскен-ді. Кейіннен Болманов шығарған «Бал-баланың» әр балаға қолжетімсіз екенін көрдік. Нарықтағы өнімдерден еселеп қымбат болғасын жаппай сатылымға түспеді. Логика!

2015 жылы шымкенттік кәсіпкерлер мемлекет қолдауымен ойыншық өндірісімен айналысатын арнайы зауыт ашып, «Navruz Plastik – ShR» маркалы ойыншықтарды нарыққа жіберді. Бұл – Қазақстандағы ойыншық өндіретін алғашқы әрі жалғыз зауыт. Зауыт иелерінің айтуынша, өндіріс ошағының қуаттылығы айына 4000-6000 ойыншыққа жетеді. Тіпті, шет мемлекеттен де тапсырыстар бар екен.

«Қазір Қырғыстанның Джалал-Абад қаласынан тұрақты клиенттеріміз бар. Біздің тауарлар ол жақта да сұранысқа ие», – деді Рабиға Битемірова.

Баладан бизнес жасағандар

2021 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан шет мемлекеттерден бала ойыншығын сатып алу үшін 26 миллион доллар ақша жұмсаған. Қаңтар, ақпан, наурыз айының өзінде сырттан жаялық (памперс) сатып алуға 17,8 миллион АҚШ доллары кетіпті. Ұлттық статистика комитетінің дерегі осындай. Елге үш ай ішінде кірген 2,9 мың тонна ойыншық Қытайға тиесілі. 1,5 мың тонна өнім импорттаған Ресей 9,2 миллион долларды қанжығалап отыр. Беларусь пен Өзбекстанның да Қазақстан нарығынан дәмесі зор екенін төмендегі инфографикадан байқауға болады.

Қазақ балаларына қазақы ойыншық керек екенін білсек те, сырттан келген тауарларға тосқауыл қою қиын. Оларды тоқтатудың бір ғана жолы – ішкі сұранысты толық қамту. Өзіміз ойыншық шығаратын күнге жеткенде ғана бала денсаулығына алаңдамауға болады. Әйтпесе, шеттен келген миллиондаған тауардың сапасын бақылап отыруға тура келіп тұр.

Ел ішінде «балаға ұнаса, бағасы арзан болса, зауыт салғаннан көрі, сырттан алған тиімді, біздікі қымбатқа айналады» дейтін ата-аналар жоқ емес. Олар ойыншықтардағы фенол мен формальдегидтің көлемі белгілі мөлшерден асса, бала ағзасына зиянды химиялық затқа айналатынын білмейтін де шығар. Шетелдік зауыт басшылары бауыр еті баласы ойнамайтын ойыншықтың зиянды-зиянсызына бас ауыртатынына күмәніміз бар.

Ендігі жерде ұлттық ойын ойнау мәдениетін қайта жаңғыртып, бабалар аманатын балаларға жеткізуге күш салуымыз керек секілді.

Тегтер: