28 Шілде 11:15

Бақыт Алпысбайқызы: Малдың шығынын азайту үшін тұрақты жем-шөп базасы қажет

Фото:

Біреу білер, біреу білмес, елімізде Қазақ мал шаруашылығы жəне мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу институты бар. Көктем кетіп, жаз жеткелі бірнеше облыстағы малшы-шаруалар тұяқты түлікке талғажау қылар шөп таппай, қуаңшылық болып жатыр. Мәселенің мән-жайын осы саланы талай жыл зерттеп жүрген ғалымдардан, институт мамандарынан сұрап білдік. 

Бахыт Алпысбайқызы – ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ мал шаруашылығы жəне мал азығын өндіру ғылыми-зерттеу институтындағы жем өндірісі бөлімінің басшысы. 

–  Жаһандық Бұқаралық ақпарат құралдары «әлемдегі келесі пандемия қуаңшылық болуы мүмкін» деп дабыл қағуда. Қазақстанның бірқатар өңірі оның зардабын тартып үлгерді. Қуаңшылықтың себебі сан қилы шығар, ал, салдары ше?

– Өкінішке қарай, қуаңшылықтың салдары адамзаттың, оның ішінде қазақстандықтардың тұрмыс жағдайының төмендеуіне алып келеді. Әрі-беріден айтқанда, материалдық шығын еселеп артпақ. Біріншіден, бал басының күрт азаюы. Екіншіден, өсімдік және мал шаруашылығына арналған өнімдердің бағасы қымбаттамақ. Сондықтан, оның салдары ешбірімізге оңайға соқпауы мүмкін.  

– Қуаңшылық соңы жұтқа ұласпас үшін дәл қазір қандай шаралар қабылдап, нендей әрекетке көшу керек?

– Ең алдымен, осындай қиын кезеңде ауылшаруашылығы дақылдарын, өнімдерін ысырапсыз жинап алуға күш салғанымыз жөн. Өнім жинау кезіндегі шаруалар алдынан шығатын мәселе – жанар-жағармай бағасының қымбаттауы. Көріп отырғандарыңыздай, өнім егу және жинау кезінде баға күрт қымбаттап кетеді. Сол себепті қабылданатын шара көп. Соның негізгісі – жанар-жағармай мен өнім бағасын реттеп, бақылауға алу. 

Ауылшаруашылық ғылымы саласында жұмыс істейтін адам ретінде айтарым, мал азығы өндірісіне жеке бағыт ретінде көп көңіл бөлінбейді. Қазір ғылыми бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыру туралы айтып отырмыз. Шілденің соңы болса да, ғалымдар әлі де үш жылдық бағдарламаларға қажетті қаражатты ала алмады. Бұл да түйіткілі көп, түйіні тарқамай тұрған мәселе. 

Келесі кезекте, мал азықтық шөптерге арналған тұқым өсіру шаруашылықтарының жұмысын күшейту керек. Ал ең бастысы, мал азықтық дақылдардың өсуіне мемлекет тарапынан субсидия беру мәселелерін пысықтау шарт.

– Жалпы, жем-шөп өндірісі өз алдына бір сала екенін білеміз. Қуаңшылық секілді төтенше жағдай кезінде солар бірінші көмекке келу керек емес пе?! Біздің елдегі жем өндірісінің қуаттылығы қандай?

– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2020 жылдағы физикалық массадағы жемнің жалпы өндірісі 26,6 млн тоннаға жеткен. Меншікті салмақта шөп өндірісі 59,9%, сабан – 18,4%, аралас жем – 6,7%, сүрлем – 9,3%, сенаж – 5,6% құраған.

Республикада шөптің жалпы жиналуы 15 млн 706 мың тоннаны құрады. 2020 жылы шөптің негізгі бөлігі табиғи жерлерден жинау арқылы алынды, яғни 10,8 млн тонна, оның негізгі өндірушілері шаруа қожалықтары - 58,0% және жеке қосалқы шаруашылықтар - 39,1%. Бұл ретте айта кетерлігі, жиналған шөптің жалпы көлемінің 3,1%-ы бір жылдық шөптерден, 27,5%-ы көпжылдық шөптерді жинауға кетеді.  

Қазіргі жағдайда мәселе күрделеніп тұр. 2021 жылғы құрғақшылыққа болды. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, биыл жасыл массаның, шөптің және дәнді дақылдардың түсімі, біздің болжамымыз бойынша, жарты есе аз болады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер комитетінің мәліметтері бойынша республикада 94,2 млн гектар жайылым пайдаланылады, ал 73,4 млн гектар жайылым немесе 77,9% ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына бөлінген, ал 20,8 млн гектар жеке қосалқы шаруашылықтарға бөлінген. Демек, ұйымдастырылған ауылшаруашылық құрылымдарындағы жайылымдық жерлердің 19,2 млн гектар артық бөлігі және елді мекендердің айналасындағы жайылымдардың жетіспеушілігі – 44,2 млн. 

Малдың шығынын азайту үшін тұрақты жем-шөп базасы қажет. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы жем-шөппен қамтылған жердің жалпы ауданы 14 783,1 мың га құрады, оның 78,3% – табиғи жерлер.

Жалпы, егістік жерлердегі мал азықтық дақылдар тек 3197,4 мың га құрайды. Қажетті шөп пен жемшөпті өндіру үшін біржылдық және көпжылдық мал азықтық дақылдарды өсіруге арналған жердің көлемін бір уақытта олардың өнімділігін арттыра отырып ұлғайту қажет. Сонда ғана біз қуаңшылықпен келетін шығынды азайта аламыз. 

Тегтер: