«Ауруханада орын жоқ»: Балалар жаппай тұмауратып жатыр

25 қараша, 09:43
«Ауруханада орын жоқ»: Балалар жаппай тұмауратып жатыр
Фото: ғаламтордан

Елімізде балалар жаппай тұмауратып жатыр. Тіпті көптеген инфекциялық ауруханаларда орын жоқ.

Алматы, NEGE. Мәселен, бір ғана Атырау облысында дәрігерлер науқас балалар мен аналарды қабылдап үлгермеуде. Себебі ем алып, сауығып шыққан балалар ауыр халде ауруханаға қайта түсіп жатыр дейді дәрігерлер.  

Атырау облысындағы инфекциялық аурухана сырқаттанған жүкті әйелдер мен балаларға лық толы. Дәрігерлер қазір тіпті науқастарды қабылдап үлгермей жатқандарын айтады. Сөздерінше, күніне жүзден астам науқасқа ем жасайды екен. Бірақ сонда да инфекциялық ауруға шалдыққан бүлдіршіндер көп. Ал бұрын-соңды мұндай созылмалы тұмауды көрмедік деген ата-аналар аң-таң. Атыраулық Ақтоты Төребек те баласының ас-су ішпестен қатты сырқаттанғанын айтады. 

«Алдымен дене қызуы көтерілді, мазасызданды. Ұйқыдан тұрмай қалды. Тамақ та, су да ішпейді. Ұйқтай береді. Жедел жәрдем шақырдым. Алып кетті. Дәрігерлер пневмония деген диагноз қойып отыр», – дейді Атырау қаласы тұрғыны Ақтоты Төребек . 

Дәрігерлер денсаулығы оңалып, кейін ауыр хәлде ауруханаға қайта түсіп жатқан балалар өте көп дейді. Вирус жұқтырғандардың дені 1 жастан асқан балалар, ал жансақтау бөлімінде жатқандар жасқа толмаған сәбилер. 

«Биылғы маусым былтырғылармен салыстырғанда ауырлау деп айта аламыз. Балаларды қабылдау бөліміне, жалпы ауруханаға келушілер өте көп. Күніне 120-110-ның үстіне науқас келеді. Оның ішінде 25-30-ы ауруханаға жатқызылады», – дейді Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Әсия Сейдешова. 

Дәрігерлер бұл жылда болатын маусымдық жедел респираторлы вирустық инфекция екенін айтады. Тек былтыр карантиндік шектеулерге байланысты сырқаттанғандар аз болған. Ал биыл жылдағыдан бетер асқынып, тез қарқында жұғып жатыр екен. Денсаулық сақтау министрлігі де бұл кенеттен пайда болған қауіпті вирус емес, жылдағы маусымдық тұмау деп отыр. Күз басталғалы елімізде 250 мыңға жуық адам жедел респираторлы вирустық инфекция жұқтырса, оның 135 мыңы бала. Қазір барлық облыста бұл дерт ушығып тұр.