Атырауға шұғыл көмек көрсетілмек

12 шілде, 10:10
Атырауға шұғыл көмек көрсетілмек
Фото: mgorod.kz

ҚР Үкіметі Атырау облысына дәрігерлер жіберіп, дәрі-дәрмек жеткізеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Атырау облысындағы ахуал туралы қоғам өкілдерінің шағымдарымен таныстым. Премьер-Министрдің орынбасары бастаған комиссия аймаққа барып қайтты. Үкімет өңірге дәрігерлер жібереді, дәрі-дәрмек жеткізіп, көмектеседі», - деп жазды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де. Айта кетейік, Атырау облысы коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастар саны бойынша елімізде алдыңғы орында тұр. Өңірде барлығы вирус шұқтырған 7393 адам тіркеліп, оның 4729-ы жазылып шыққан. 13 адам қайтыс болды. Осы ретте, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған делегация Атырау өңіріне барып, шұғыл жиын өткізді. Вице-премьер мәлім еткендей, облыс дәрі-дәрмекпен 94 пайызға қамтылған. Кеңес барысында эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға қатысты қолға алынатын шаралар айтылды. Ал 11 шілде күні сағат 00.00-ден бастап Атырау облысында карантин шаралары күшейтілді.
#тоқаев #атырау #ковид