17 Желтоқсан 18:05

Атырауда заманауи отбасылық амбулатория ашылды

Фото:

Тәуелсіздік күніне тарту ретінде Атырау қаласының іргесіндегі Ақсай ауылдық округінде заманауи үлгідегі отбасылық амбулатория ашылды, деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Атырау, NEGE. 52 орындық отбасылық амбулаторияның ашылу салтанатына   облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысты. Ол биыл әлемді шарпыған пандемияға қарамастан, облыста медициналық нысандардың құрылысы тоқтамағанына тоқталды. Мәселен, осы жылдың ішінде Атырау  қаласында 200 орындық модульдік аурухана, облыстық кардиоорталықтың  жанынан қосымша 50 орындық жапсаржай, 75 орындық Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы, Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында емхана, Индер ауданы Аққала ауылында және Қызылқоға ауданының Қаракөл ауылында медпункттер ел игілігіне берілгенін атап өтті. 

Салтанатты шарада сөз алған ардагер дәрігер Сәуле Дәулетова ауылдық жерден заманауи медициналық мекеменің бой көтеруі – Қазақстан тәуелсіздігінің жемісі екендігін айтып, егемендік алғанға дейінгі қиын шақтағы дәрігерлер қызметіне тоқталды. «Қазір облыстағы медицина  мекемелеріндегі  ахуал айтарлықтай жақсарды, тұрғындар дәрігерлік көмекке уақытылы жүгіне бастады»,- деді ардагер дәрігер. 
Ал Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Саясат Рахметов заманауи үлгідегі сапалы медициналық көмек көрсететін мұндай мекемені жерлестерінің отыз жыл бойы армандап келгендерін айтты.

Атап кетерлігі, Ақсай отбасылық амбулатория құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» ерікті әлеуметтік-инфрақұрылым бағдарламасы аясында салынды. «Компаниямыз Атырау облысы тұрғындарының басым бөлігіне оң әсерін тигізетін маңызды жобаларды қаржыландырып келеді. Жылдық қоры 25 миллион АҚШ долларын құрайтын «Игілік» бағдарламасы шеңберінде кәсіпорын облыста жаңа заманауи ғимараттар, көп қызметті емдеу мекемелерін, жан-жақты жабдықталған мектептер мен басқа да әлеуметтік нысандар  салуда», - деді «Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Бір қатарлы, ауқымы 558  шаршы метрлік жаңа  медициналық нысан Ақсай-2 ауылдық округінде орналасқан. Енді білікті дәрігерлік көмек ауылдық округке тіркелген 5000-ға жуық адамға көрсетіледі. Жаңа медициналық мекемеде тұрғындарды жалпы практика дәрігерлері қабылдайды,    екпе, емдеу және аурудың алдын алу кабинеттері жұмыс жасайды. 

Медициналық көмекті 3 дәрігер, 9 орта медицина қызметкері көрсетеді. Бұдан өзге,   гинекология, тіс дәрігері, физиотерапия, зертхана, оқшаулау, екпе бөлмелері,  және күндізгі стационар да бар. 

Еске салсақ, бұрын Атырау қаласына қарасты Ақжар, Ақсай, Ақсай-2 ауылдық округының тұрғындары Ақжар емханасына қаралатын еді.  Тұрғындар ауылдық медмекеме ғимаратының ескілігін, әрі үш бірдей ауыл тұрғындарына тар екенін айтып, шағымданып келген болатын.

Тегтер: