19 Қараша 17:51

Атырауда қатерлі ісікті жасанды интеллект арқылы анықтауға мүмкіндік бар

Фото:

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының” директоры Диляра Қайдарованың айтуынша, онкологиялық ауруларды анықтап,  емдеу үшін Атырау облысында соңғы жылдары іргелі жұмыстар жасалды, деп хабарлайды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Алматы, NEGE. Атырау облысына жұмыс сапарымен келген  “Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының” директоры,  медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Диляра Қайдарова Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың қатысуымен өткен үйлестіру кеңесі отырысында Атырауда соңғы төрт жылда онкологиялық аурудың тіркелу динамикасында бәсеңдеу барын атап өтті.

"Оң көрсеткіш соңғы жылдары саланың 26  кадрмен толығуына да байланысты. Бұрын науқастар ем алу үшін Алматыға келіп қаралатын болса, қазіргі уақытта онкологиялық ауруға шалдыққан емделушілерге жоғары сапалы көмек жергілікті медициналық орындарда да көрсетіліп отыр. Атыраудың медициналық мекемелері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Және хирургиялық күрделі ота жасауға да мүмкіндіктер бар" деп атап өтті ол.

Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиевтің айтуынша, Атырауда сүт безі, өкпе обыры, асқазанның қатерлі ісігі аурулары жиі кездеседі. "Сол себепті, медициналық мекемелер ерте мерзімде диагностикадан өткізіп, зерттеуге мүмкіндік беретін  және күрделі ота жасалатын құрылғылармен жабдықталды.

Десе де, облыстағы басты онкологиялық диспансер ғимаратының көне екені  рас. Бүгінгі таңда осы мәселеге байланысты аймақ басшысына ұсыныс дайындалуда" деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиев.

Атап өтерлігі, Атырау облысында барлық медициналық мекемелер ортақ жүйеге қосылды. Бұл жүйе қала, аудандардағы  томография, рентгендік зерттеулердің қорытындыларын ортақ
 базада жинақтап, зерделеуге мүмкіндік береді. Және қатерлі ісіктерді бүгінде Атырауда жасанды интеллект көмегімен анықтауға мүмкіндік жасалғандығы аймақ медицинасы  үшін  үлкен жаңалық. 

"Жасанды интеллект қатерлі ісіктерді мейілінше ерте мерзімде анықтауға мүмкіндік береді. Біз обырға шалдыққан науқастың өмір сүру ұзақтығын кемінде 5-6 жылға соза алсақ, мұның өзі үлкен жетістік" деп нақтылады Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Асхан Байдуалиев.

Тегтер: