23 Сәуір 14:10
...

Әскерге аттанған сарбаз он күнде ажал құшты. Неге?

Фото:
Әскерге 13 сәуірде Маңғыстау облысынан Жамбыл облысы, Отар әскери бөліміне аттанған сарбаз Әлібек Қалбай Саламатұлы небәрі он күннің ішінде ажал құшқан. Ол 

2003 жылы 8 шілдеде туған. Отбасында үш баланың ортаншысы. Бұл туралы Nege.kz тілшісіне сарбаздың жеңгесі Динара Тілесова айтып берді.

«12 сәуір күні Ақтау қаласының әскери комитетіндегілер Әлібекті жұмыс істейтін жерінен алып кетіп, қамап тастайды. Оған дейін де «Әскерге кетпесең, айыппұл саламыз немесе сотталасың» деп соңына түсіп жүрген. Сөйтіп, бір күнде 20 баланы әскери комитетке қамап тастайды. Одан балалар 13-і күні Отарға кетеді. Әлі ант берген де жоқ. Міне, айналасы 10 күнде табытын құшақтап қалдық.

Бүгін Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Отар 30212 әскери бөліміне келдік. Баламызды ұрған. Үсті-басы көкала. Он күн ішінде «Балаңыз қайтыс болды» деген суыт хабарды естіген ата-ананың жай-күйін көрсеңіз ғой. Бізге қаралы хабарды әскери бөлімнің командирі емес, Әлібекпен бірге келген балалар хабарласып, жеткізді. Неге  командирі айтпайды?

Оларды да қорқытып қойған. Шындықты айтпайды. «Баланы ешкім ұрған жоқ. Сапта тұрған жерінде құлап қалды» дейді. Бәріне бір сөзді жаттатып қойған. Кейбірінің әңгімесі сәйкес келмейді. Сосын көп сарбаз жылап тұрып жауап берді. Бәрінің көзінде мұң бар.

Ал командирінен сұрасақ, екұшты жауап берді. «Бала екі тарелка ботқа жеп алып, сапта тұрғанда басы айналып құлап қалды» дейді. Каша жеген адам өле ме? Оның үстіне сапта тұрып, басына қан құйыла ма? Жанындағы балаларды әбден қорқытып қойған. Жаттанды сөз.

«Кеше таңғы асқа не жедіңдер?» десек, «ұмытып қалдық» дейді. Олар неге не ішіп, не жегенін ұмытып қалады? Бір қызығы, біздің келетінімізді біліп, ас мәзірін де өзгерте салыпты. Таңғы асқа жұмыртқа, «Батыр» шұжығын, сары май, бал, еті бар қарақұмық жеп отыр.

Отар әскери бөлімін кеп тексеру керек. Бұл не деген сұмдық? Мұнда алдыңғы жылы екі өлім болды. Сарбаздарды неге ұрып-соғады? Денесіндегі жарақат анық көрініп тұр. Сонда ата-аналар табыт құшақтап қалуы керек пе?  

 

Nege.kz тілшісі Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласып көрді. Баспасөз хатшысы Дамира Кеңесбайдың айтуынша, министрлік оқиға туралы хабардар. «Тек ресми хабарламадан артық ештеңе айта алмаймын. Қазір тексеру жұмысы басталды. Толық мәлімет кейінірек болады», – деді. Бұдан кейін министрліктің көңіл айту хатын жолдады. 

«2022 жылдың 22 сәуірінде Гвардейск әскери қалашығындағы госпитальде қатардағы жауынгер Қалбай Әлібек Саламатұлы қайтыс болды.

Таңертең сапта тұрған жауынгер кенеттен есінен танып қалған. Әскери қызметшіге қажетті медициналық көмек көрсетілгенмен, ол есін жимаған күйі қайтыс болған.

Жас жігіт биыл көктемде Маңғыстау облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылды.Сарбаздың өліміне қатысты тексеру жұмыстары басталды.

Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен Қарулы күштердің жеке құрамы Қалбай Әлібек Саламатұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Тегтер: