2 Желтоқсан 14:39

Ашық сабаққа дайын болмаған мұғалім «мектепте бомба бар» деп жалған хабар берген

Фото:

Жамбыл облысында ашық сабаққа дайын болмаған мұғалім полицияға «мектепте бомба бар» деп жалған хабар берген, деп хабарлайды КТК.

Алматы, NEGE. Мектеп басшылығы оқу процесін тоқтатуға мәжбүр болып, 300 адам қауіпсіз жерге шығарылған.

Ал жалған хабар берген ұстаз балаларды эвакуациялауға көмектесіп жүрген.

Шу ауданының жас мұғалімі басшылар алдында өзінің біліктілігін көрсетуге тиіс болған. Бірақ оған еш дайындықсыз келген соң, сабақты тоқтату үшін осындай айла ойлап тапқан.

Білім ошағында жарылғыш зат бар екені жарияланған соң, күш құрылымдары жедел жетіп, ұстаздар мен оқушыларды дереу далаға шығарып, ғимаратты тінтіп шыққан.

Бірақ күдікті ештеңе табылмады. Есесіне, жалған мәлімет берген азамат жылдам анықталды: мектептің 25 жастағы жас маманы. Бүкіл мектепті дүрліктірген ұстаз қызметінен кетті, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.

«Шу ауданының 25 жастағы тұрғыны ұсталып, кінәсін мойындады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі бойынша күдікті ҚР ҚПК 128,131-баптарының талабына сәйкес Шу ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамалды», – деді Шу ауданы ПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асхат Бақбергенов. 

Тегтер: