«АрселорМиттал Теміртау» бас директоры «Абай» шахтасындағы қайғылы апат жөнінде мәлімдеме жасады

24 қараша, 21:24
«АрселорМиттал Теміртау» бас директоры «Абай» шахтасындағы қайғылы апат жөнінде мәлімдеме жасады
Фото: ғаламтордан

Бүгін Қарағанды қаласында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильин «Абай» шахтасында болған апаттың себебін анықтау бойынша құрылған мемлекеттік комиссияның қорытынды жұмысы туралы айтты.

Нәтижесінде компания өнеркәсіптік технологияны модернизациялау жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алатынын мәлімдеді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Биджу Наир болған қайғылы оқиғаға қатты қайғыратынын жеткізді.

«АрселорМиттал компаниясы қаза болған әріптестеріміздің отбасына қайғырып көңіл айтады. Өзім апат болған күні-ақ ажал құшқан қызметкерлердің отбасына кіріп шықтым. Олардың қандай күйде екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Төтенше жағдай кезінде жедел белгі беру жүйесі іске қосылған. Соның арқасында шахтадағы 64 қызметкердің 58-ін аман алып қалдық. Алайда, алты әріптесімізден айрылып қалғанымыз өкінішті», – деді бас директор.

 Осылайша, компания жұмысын жақсарту тұрғысында есеп беріп отыруға уәде берді. Таратқан мәлімдемеде «АМТ комиссияның қорытынды есебіне құрметпен қарай отырып, тез арада кезек күттірмейтін нақты әрекеттерді қабылдау үшін оны жан-жақты зерделейді» делінген.

Биджу Наирдың айтуынша, «АрселорМиттал Теміртау» қазірдің өзінде кәсіпорында өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін көтеру үшін бірқатар қадамды қабылдаған.

«Таяуда комиссиямен бірге жаңа құрал-жабдықтарға инвестиция құю және технологияны модернизациялауды жалғастыру үшін  жол картасына қол қойдық. Біз кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңа процедуралар мен құралдарды  өндіріске енгізу мақсатында билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге күш саламыз. Сондай-ақ Абай шахтасындағы теңдесі жоқ жаңа құрал-жабдықтарды сараптамадан өткізу барысында Қарағанды қаласындағы және әлемдегі эксперттермен бірлесіп әрекет етеміз. Ал егер процедураларға қандай да бір өзгеріс, түзету енгізу қажет болса, бұл биліктің қолдауы арқасында жүзеге асады» деп толықтырды Биджу Наир.

АТМ бас директоры қорытынды сөзінде қызметкерлердің күнделікті қауіпсіздігі компанияның ең негізгі басымдығы екеніне екпін түсірді.