23 Желтоқсан 13:47

AМӨЗ төгіндісі: отставка, сөгіс және қылмыстық іс

Фото:

1 қарашада құрамында мұнай өнімдері көп судың төгілгені үшін АМӨЗ-дің алты қызметкері тәртіптік жазаға тартылды. Бұл туралы azh.kz сайты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады. 

Алматы, NEGE. Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің бастығы қызметінен босатылды, еңбек және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі басқарушы директорға, мұнай өңдеу және күкіртсіздендіру процестері жөніндегі басқарушы директорға, зауыт басқармасының бас технологына, қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жетекші инженері мен инженеріне сыйақыдан айырумен қатар, сөгіс жарияланды.

Естеріңізге салсақ, 1 қарашада Атырау экологтары зауыттың құрамында мұнай өнімдері бар сарқынды судың тазартылған ағынды су арнасына төгілгенін анықтады. Атырау облыстық экология департаменті жүргізген зерттеу нәтижесінде эмиссия нормативтерінің асып кеткендігін анықтаған, атап айтқанда, сульфат мөлшері 2,5 есе, аммоний азоты 5 есе, жалпы темір 1,5 есе, қалқымалы заттар 628 есе асқандығы анықталды. Қоршаған ортаға келтірілген зиян 14 млн теңгеге бағаланды.

- АМӨЗ мұны биологиялық тазарту қондырғысындағы ақаумен байланыстырады – шөгінді жинақтағышта түзілген биологиялық шламды айдайтын айналым сорғысы істен шыққан. Нәтижесінде бұл жинақтағыштағы биологиялық шламдардың көбеюіне әкелген. Осыдан кейін сарқынды сулар құм сүзгіге жіберілген, бірақ сол кезде ол жөндеуде тұрыпты. Сондықтан сарқындылар тазартылмаған күйі нормативті-тазартылған сарқынды сулар каналына шығарылған, - деп хабарлады жақында өткен брифингте экология департаменті басшысының орынбасары Сырым ТІЛЕГЕНОВ.

Осылайша, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 325-бабы («Өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу талаптарын бұзу»), 328-бабы («Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерiнiң асып кетуi») және 331-бабы («Атмосфераға шығарындыларды тазалауға және сарқынды суларды ағызуға арналған жабдықты пайдалану қағидаларын бұзу, сондай-ақ оны пайдаланбау») бұзылған.

325-бап бойынша «АМӨЗ» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалды, онда 555 600 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің тағы екі бабы бойынша тексеру материалдары полиция департаментіне жолдады.

Өз кезегінде, ПД баспасөз қызметі қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 324-бабының 1-тармағы (Шаруашылық немесе өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптарды бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. Мұндай заң бұзушылық 3 мың АЕК-ке дейін айыппұл салуға немесе 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Тегтер: