25 Қаңтар 11:06

Алматылық «Қара мысықтың» лаңы

Фото:

Екі мыңыншы жылдардың басы оңтүстік астана жұрты үшін кәсіпкерліктің шыңы болған еді. Сол кезде өз ісін ашып, жанын баққысы келмеген бірде-бір алматылық болмаған шығар. Ел қолына түскенді кез-келген жерде сатуға бейім-тін. Атышулы «Барахолканы» айтпағанда, қаланың көрінген қуысы жабайы сауда нүктелеріне айналып, ел жаппай саудагер болып кеткен. Кісі аяғы көп жүретін базар маңы, дүкен алды, жерасты жолы секілді жерлердің бәрінде жаппай сауда-саттық жасаған жан қарақұрттай қаптап тұратын...

Алматы көшелеріндегі қара базарлар

Күні бүгінгідей әлі есімде, сол кезде Абай мен Саин даңғылдарының қиылысында «Торнадо» деген үлкен дүкен болды. Ол күндіз-түні адам аяғы басылмайтын, «көбелектер» мен етек аңдығандар көп жүретін шұрайлы сауда орындарының бірі еді. Сол кездің дәстүрі бойынша жергілікті апалар сол маңда пісте сатып отыратын да, ел көзіне байқатпай басы ауырып келген талай ішкішті су қосылған спиртпен немесе сапасыз арзан арақпен ептеп «емдеп» те жіберетін. Сондай қазан айының күндерінің бірінде сол ауданда жеті бірдей адам арақтан уланып, олардың алтауы «жедел жәрдем» жеткенше жан тапсырады. Жетінші адамның көрер жарығы таусылмаған екен, оны дереу ауруханаға жеткізіп, әупіріммен жанын алып қалған. Айтқандай, сол кезде қалалық БСМП-ны қазіргі денсаулық министрі Елжан Біртанов басқаратын еді. «Таң» телеарнасында журналист болып жүрген маған бұл оқиға жөнінде әңгімелеп берген сол кісі болатын. Кейінірек бірнеше адамды улап тастаған зейнеткер табылып, одан техникалық спирт те тәркіленгені бар.

Ал енді, осындай лирикалық шегіністен кейін Сләмғалиевтің бандалық тобы туралы баяндап берейін. Кейінірек құқық қорғау қызметкерлері оларды өзара «Қара мысық» тобы деп атап кеткен. Ол қылмыстық топтың ақыры осындай көше саудагерін өлтірумен аяқталды. Турасын айтқанда, «Саяхат» автобекеті маңындағы жерасты жолында шағын сауда нүктесі бар аяғы ауыр келіншекті өлтірген. Бұл іс жайлы маған қазіргі Павлодар облыстық полиция департаментінің басшысы Амантай Әубәкіров айтып берген-ді. Екі мыңыншы жылдардың басында ол кісі қылмыстық полиция басқармасы бастығының орынбасары, Алматы қаласы ІІД Криминалды полиция басқармасының бастығы болған. Бұл топты тікелей ұстаған да сол кісінің өзі.

Оқиғаның картинасы ұғынықтырақ болуы үшін, кейіпкердің өз естелігін қаз-қалпында келтірейін:

«2001 жылдың желтоқсан айында, тура Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында аяғы ауыр әйел кісі қолына қаза тапты. Қылмыс болған пәтер Райымбек даңғылы бойындағы «Тұлпар» дүкенінің үстінде орналасқан екен. Марқұмның кеудесіне бірнеше жерден пышақ ұрылған, пәтердің іші астаң-кестең. Ол әйелдің «Саяхат» автобекеті жанындағы жерасты жолында қытай тауарларын саудалайтын шағын дүңгіршегі болған. Қылмыскерлер үйден табылған ақша мен кейбір жеке тұтынатын заттарын алып кеткен. Өлтірілген әйелдің екіқабат екенін жәй көзбен де байқауға болатындай еді, бұл – қылмыскерлердің қатыгездігін анық білдіріп тұрды.

"Тұлпар" дүкені

Қылмыс орнын зерттеу еш нәтиже бермеді, қанішерлер қолғап киіп арам ойын жүзеге асырған. Кісі көп жүретін аудан болғанымен, таңғы уақыт, тұрғындардың дені жұмысына, сабағына кетіп қалған.

Күдік тудыратын адамды анықтау, ақпарат жинау, кей тұлғаларды зерттеп-бақылау секілді ауыр да өнімсіз жұмыс басталып кетті. Әр деталь маңызды. Қолды болған заттардың ішінде марқұмның қалта телефоны да бар боп шықты. (Ол кезде қылмысты дер кезінде ашу үшін қалта телефонын тиімді пайдаланатын тәжірибе бізде бола қойған жоқ). Марқұм болған әйелдің телефоны қосулы тұрды, бірақ біз оның кімнің қолында екенін, қай жерде жүргенін анықтай алмадық. Сол уақытта Кселл компаниясы түрлі акциялар ұйымдастырып, абоненттерге СМС-тер жолдап жататын. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып қалуды көздеп, компания басшылығынан көмек сұрадық. Марқұмның қолды болған телефонына жаңажылдық сыйлық ұтқанын айтып, ұтысты Орталық универсалды дүкендегі (қазіргі «Заңғар» сауда орталығы – авт.) компанияның дүңгіршегінен келіп алуға болатынын ескерткен СМС жолдауын сұрадық.

"Заңғар" сауда үй

СМС хатта тек ұтысты алатын күнді ғана белгілеп, басқадай күдік тудыратын артық сөз жазбауды ұйғардық. Компания менеджерімен бізге керекті адам келген кезде арнайы белгі беру тәсілін де тиянақты түрде пысықтап алдық.

Сарсылтып ұзақ күттірген, өтпейтін сағаттар басталды. Аса ауыр қылмыстар бөлімінің басшысы Алпамыс Құрманбаев екеуміз бақылауға ыңғайлы жоғарғы қабатқа орналастық. Жетінші басқарманың жігіттері компания менеджеріне жақын маңда болды, қалған тұтқындау тобы көп ішіне сіңіп, сол маңда жүрді. Жаңа жыл қарсаңындағы сауда қызып жатыр, сыйлық арқалаған жұртта есеп жоқ, бір жағынан полиция қызметкерлері байқала қоймағанымен, мұндай көпшілік ішінде күдіктіні ұстау да оңай емес.

Шамамен кешкі 9-дар кезінде менеджеріміз құпия белгі берді. Бұл кезде дүңгіршек алды адамға толы еді. Барлық қызметкерлер дүңгіршекке мейілінше жақындай түскен. Күнілгері дайындап қойған үлкен қорапты менеджер кімге беретінін бақылап тұрмыз. Міне, біздің үлкен қорабымызды алып екі жас жігіт шығар есікке қарай беттеді. Біз де көп ішінде оларды қаумалай түсіп, дәл шығаберіс есіктің алдында ұстадық та, қолдарына кісен салдық. «Ұтыс сыйлығы» деп тапсырған үлкен әрі бос қорабымыз сол жерде төңкеріліп жатты...

Қиын жұмыс енді басталды. Әлгі екеу ешқандай қылмысты мойнына алар емес. Екеуінің айтқан сөздері әр жерден шықса да, мойындамайтын түрі бар. Олар Алматыға сырттан келген екен, алайда уақытша тұрып жатқан жерлерін айтпай қойды. Оларды тұрақты түрде тасып жүрген такси жүргізушісі анықталды. Ол әлгі екеуді қай жерден мінгізіп алғанын және олармен бірге бірнеше жігіттің болғанын айтты. Айтқан мекен-жай бойынша келгенімізде күн батып, қараңғы түсіп кеткен еді. Бірнеше қабатты, бірнеше подьезден тұратын үлкен үй екен. Әр есікті қағып, күдіктілерді іздеуге ұзақ уақыт кететін еді, ал бізде әрбір минут санаулы. Тез арада қылмыскерлердің серіктерін ұстамасақ, олар достарының кешігуінен күдіктеніп, бір түнде орын ауыстырып үлгереді. Таңның атуын күтіп, тұрғындар азанда үйлерінен шыққан кезде өзіміз түрін түстеп танымайтын адамдарды іздеу – ол да санаға сыймайтын әрекет. Сол кезде әлгі екеудің бірінің телефонын алдым да, тұрақты түрде көп сөйлесетін нөмірді анықтадым. Жанымдағы жігіттерге әрбір подъезді кірпік қақпай қадағалап тұруын тапсырып, нөмірді тердім. Арғы жақтан біреу көтерген сәтте «Қашыңдар, менттер келе жатыр!» деп айғай салдым да, телефонды сөндіре салдым. Табан астында ойлап тапқан жоспарым іске аса ма екен, жоқ па деп жүрегім мұз болып, күтіп тұрмын...

Бірнеше секундтан кейін подъездердің бірінің есігі қатты тепкеннен серпіле ашылды да, бір жас жігіт жүгіре басып, сырт киімін асығыс киіп бара жатты. Сөйтіп, біз іздеген қылмыскерлер бірінен соң бірі сол жерде қолға түсті. Біз ерекше күдіктенген банданың басшысы, бұрын сотталған, 1978 жылдың тумасы Ернар Сләмғалиевті солай тұтқындадық.

Онымен алғаш кездескенім әлі де есімде. Қалалық ішкі істер департаментіне Сләмғалиевтің жеткізілгенін естіп, астыңғы қабатқа түстім. Ол қолы кісендеулі қалпы отыр екен.

Аз-кем сөйлескеннен кейін, оның қылмыстық топтың басшысы екеніне көзім жетті. Ешбір қылмысын мойнына алмайтын бірбеткей әрі ұрымтал сәтте қашуға дайын нағыз қылмыскер екені қимыл-әрекетінен сезіліп тұрды. Оның темір торлы терезеге ызбарлы түрде көзінің қиығын салғанын байқап қалдым да, алдымда анау-мынау емес, нағыз қанішер жыртқыштың отырғанын және оның мойнында бірнеше кісінің қаны бар екенін белгісіз бір күш ұқтырғандай болды. Жалпы, бірнеше рет кісі өлтірген адамнан ерекше бір жаман энергия сезіліп тұрады, ондай қандықолдарды бірден біле қоятын едім.

Қайткенде де, Сләмғалиевті сыбайластарымен бірге отырғызбау керек, әйтпесе, оларға ықпал етіп, өзара пәтуаға келіп алуы мүмкін. Оның жеке өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің уақытша ұстау изоляторына жалғыз отырғызып, тергеуден кейін айып тағылғаннан соң, полиция бөлімшесіне әкелмеуді тапсырдым. Ол солай жарты жылғы жуық жалғыздан-жалғыз, сыртқы дүниеде не болып жатқанын білместен, достары тергеушілерге қандай жауап беріп, не іске куәлікке тартылып жатқанынан хабарсыз отырды.

Тергеу ісі басталған кезде біз үшін бұл қылмыстық топтың нендей қылмыстары бары, нақты нені бүлдіргені мүлдем белгісіз болды. Кейінірек олардың қылмыспен ұзақ уақыттан бері айналысып келгені, еліміздің әр өңірінде неше түрлі ауыр қалмыстар жасағаны мәлім болды. Алматыда түн жамылып түрлі фирмалардың қоймаларына қарулы шабуылдар жасап, қарауылдарын қанішерлікпен өлтіріп кеткенін анықтадық.

Топтың мүшелері түгелдей Шығыс Қазақстан облысының тумалары екен. Қатарларына өзге облыстар мен аймақтардың жігіттерін алмаған, мүлдем жақындатпаған да. Бірсөзділікті, ұйымшылдықты барынша сақтаған. Қалаларда 2-3 жігіт болып жалдамалы пәтерлерде тұрған және тұрғылықты орындарын ұдайы өзгертіп отырған. Қылмыстық топта әркімнің нақты орыны, атқарар қызметі мен рөлі болған. Топтың барлық мүшесі өзара «сенімді достығын» кісі қанымен жуып дәлелдеген боп шықты.

Алматыда айуандықпен өлтірілген екіқабат әйел, қойма қарауылдаған зейнеткер кәрі кісілер, туған ауылдарында өз ұстаздарының үйіне қарулы шабуыл жасап, оны да өлтіріп кеткен ауыр қылмыстары әшкереленді. Олардың тұратын жеріне тінту жүргізген кезде, үйлерінен шолақ мылтықтар, суық қарудың неше түрі, полиция қызметкерлерінің киімдері, радиобайланыс құралдары, қолғап секілді қылмыскерлерге тән құрал-жабдықтар шықты.

Сләмғалиевтің тобы ұрлық жасаумен шектеліп қана қоймай, Алматы облысында бір малшыны өлтіріп, алдындағы бар малын айдап алып кеткен.

Бұл қылмыстық іс жылдан аса тергелді, мұқият зерттелді. Қылмыстық жауапкершілікке 9 адам тартылып, оларға бандитизм, 13 кісі өлімі және кісі өлтіруге ұмтылу, 11 қарулы шабуыл, бірнеше ұрлық пен кісі мүлкін заңсыз иемденіп кету, қару-жарақ пен жарылғыш заттарды сақтау баптары бойынша айып тағылды.

Ернар Сләмғалиев пен Ернат Атаев ең ауыр үкімге кесіліп, кейіннен өлім жазасына мораторий жарияланған тұста жаза сипаты өзгертіліп, өмір бойы түрмеде отыру мерзіміне кесілді. Алмас Елекенов 25 жылға, Азамат Қамбаров 18 жылға және басқа да топ мүшелері ұзақ мерзімге түрмеге жабылды. Олардың әйгілі «Қара мысық» тобынан еш айырмасы жоқ еді.

Кейінірек, сот отырысы өткеннен кейін бір жылдан аса уақыттан соң, біз Алпамыс екеуміз тергеу абақтысында отырған Сләмғалиевке арнайы іздеп бардық. Ойымыз – өлі денелері «Ақсай» ықшамауданынан табылған екі моңғолиялық студент қыз туралы жауап алу еді. Сләмғалиев ол қыздармен тікелей таныс болған және олардың сеніміне кіріп, еркін араласқан екен. Қылмыскердің қолтаңбасы тура сонікі, бірақ бізде нақты айғақ болмады. Тергеу барысында Сләмғалиев өзіне тағылған барлық айыпты жоққа шығарды және келтірілген деректердің бірде-бірін мойындамады.

Біздің соңғы кездесуімізде Сләмғалиевті аса күшейтілген күзет аяқ-қолдарына кісен салып, алдымызға алып келді. Күзеттің төрт жігіті оны арнайы торға кіргізіп, аяқ-қолындағы құрсауын шешті де, бізбен тілдесуге мүмкіндік жасады. Қарап отырсақ, оның өңі қуарып қатты жүдеген, шашын тықырлап алдырыпты, басына тақия киіп, қолына тәспі ұстап алған. Алайда, оның көзқарасы баяғы сол – жыртқыштық қалпынан еш өзгермепті. Мен оған «Бізді таныдың ба?» дедім. Ол бізге ызбарлана қарап: «Сендерді ұмыту мүмкін емес!» деп жауап берді...»

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан.

Тегтер: