24 Сәуір 23:52

Алматыдағы атыс: Күдікті 17 қабаттан секіріп кетті

Фото:

Бүгін кешкісін әлеуметтік желілерде Алматыдағы «Бұхар Жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісіне оқ атқан ер адам өз пәтерінде жасырынып қалғаны туралы ақпарат пайда болды. Куәгерлер ара-тұра атылған оқтың дыбысы естілетінін айтып жатыр.

Алматы, NEGE. Алматылық атқыштың «Бұқар жырау Тауэрс» ТК күзетшісін бұзақылық пиғылмен атқаны белгілі болды.

«Бүгін күндіз «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешені күзетшісін бұзақылық ниетпен атқан және үйдегі пәтерлердің біріне жасырынған күдіктіні ұстауға бағытталған арнаулы операция аяқталды. Күдіктінің кім екені анықталды. Ұзақ уақыт бойы онымен келіссөз жүргізілді. Ол өзінің пәтеріне жасырынған. Келіссөз процесіне қаланың полиция, прокуратура органдарының қызметкерлері және оның таныстары қатысты», – деді оқиға орнында БАҚ өкілдеріне брифинг өткізген Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Оның атап өтуінше, келіссөз барысында күдікті баспалдақ алаңына қарата шамамен 30 мәрте оқ атқан. Абырой болғанда полиция қызметкерлері зардап шеккен жоқ.

Полиция департаментінің мәліметінше, күзетші мен белгісіз ер адамның арасында туындаған жанжал салдарынан күзетшінің аяғы аңшылық мылтықтан жараланған. Күзетші ауруханада жатыр.

«Оқиға барысында тұрғын үй кешенінің бір күзетшісі жарақат алғанын хабарлаймыз. Барлығына медициналық көмек көрсетілді. Қылмыс жасаған күдікті 17-қабаттан секіріп, мерт болды. Оқиға орнында жедел жәрдем қызметінің 4 бригадасы кезекшілік етті. Зардап шеккендер қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымына жеткізілді. Олардың жай-күйі жайында ақпарат қосымша жарияланады» деді басқармадан.

Тегтер: