27 Желтоқсан 14:45

Алматыда жаңа мектептер салынады

Фото:

Алматы қаласының шеткері аймақтарында орналасқан мектептерде орын тапшылығын азайту үшін 2021 жылы жаңа нысандар салынады.

Алматы, NEGE. Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Алатау ауданындағы №196 жалпы білім беретін мектепте болды.

Бұл – үш ауысыммен оқытатын мегаполистегі жалғыз мектеп. Е.Бабақұмаров «Рахат» шағын ауданындағы қазір жұмыс істеп тұрған №196 мекеменің орнына 1500 орындық жаңа мектепті салуға дайындық барысын тексерді. Бүгінде мұнда құрылыс жұмыстары басталды. Ол 2021 жылы аяқталады.

Жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Қалада бала туу көрсеткішінің жоғары болуына және белсенді көші-қон процестеріне байланысты мектептерде орын тапшылығы бар.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қала тұрғындарымен кездесуінде Алатау және басқа да аудандар тұрғындары бұл мәселеге қатысты ұсыныстарын білдірген болатын. Ұсыныстар ескеріле отырып, білім беру нысандарының үдемелі құрылысының 2025 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленді.

Пандемияға қарамастан биыл 2 мектеп бой көтерді. 2021 жылы жаңадан 8 мектеп және 17 жапсарлас құрылыс ғимараты салынатын болады. 8 мектептің 3-еуі (әрқайсысы 1500 орындық) Алатау ауданының Дархан және Томирис шағын аудандарында және Түрксіб ауданындағы Қайрат шағын ауданында салынуда. Жалпы, қабылданып жатқан шаралар қосымша 23 мың оқушы орнын қамтуға және 2021 жылы оқушы орындарының тапшылығын 73% азайтуға мүмкіндік береді.

«Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы қаланың барлық аумағында, мейлі ол орталық болсын, шеті болсын – сапалы әрі қолжетімді білім беруді қамтамасыз ету. Бұл, әкімнің қаланың шет аймақтарын дамыту жөніндегі «Жаңа Алматы» кешенді бағдарламасының басты басымдықтарының бірі», - деді Е.Бабақұмаров.

№196 жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлнәр Қабдуллина балалар мен ата-аналар жаңа мектептің ашылуын асыға күтетінін атап өтті. «Мектеп 1500 орынға жоспарланған. Біздің мектептің 617 оқушысы және басқа шағын учаскелерден келген балалар - барлығы осы жаңа мектепке барады. Барлығы асыға күтіп отыр», - деді ол.

Тегтер: