20 Қыркүйек 20:54

Алматыда атыстан бес адам қаза тапты

Фото:

Алматыда сот шешімін орындау барысында 5 адам қайтыс болды, оның ішінде 2 учаскелік полиция инспекторы мен сот орындаушысы да бар. 

Алматы, NEGE. Қайғылы оқиға бүгін шамамен 17.00 -де екі адамның меншік құқығына қатысты дауы бойынша сот шешімін орындау кезінде болды. Алматы қалалық Полиция департаменті баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің айтуынша, сот шешімімен танысқан соң, жергілікті тұрғын 1967 жылғы Д. деген азамат агрессия танытып, үйге жүгіріп барып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырған.  

Салдарынан бес адам, оның ішінде қызметте болған екі полиция қызметкері, оқтан жарақат алып, қайтыс болды.
Күдікті бейтараптандырылды және арнайы жасақ сарбаздарының қатысуымен қару қолданылмай ұсталды, өйткені үйде әйелдер мен балалар болды.

 Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99 бабы 2 бөлігі «Кісі өлтіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмыс жасағаны үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде. Оқиға болған жерді полиция қоршауға алды.
Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Алматы қалалық ПД-ның хабарлауынша, күдікті залалсыздандырылып, ұсталды. 

Тағы бір мәліметте сот орындаушыларына оқ жаудырған үй иесі 20 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Абдрахманов айтты.

Қаза тапқан полиция қызметкерлері туралы мәліметтер:

- Алатау ауданы ПБ ЖҚПБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 ж.т.
- Алатау аудандық ПБ ЖҚПБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 ж.т.

    Осы қайғылы оқиғаға орай Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына көңіл айтты. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданындағы қайғылы оқиғадан қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына барды.

Ол Алатау ауданындағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді. Әкімнің айтуынша, отбасыларға барлық тиісті көмек көрсетіліп, қолдау шаралары қабылданбақ. 

Жеке сот орындаушыларының палатасы түсініктеме берді

Алматыдағы қайғылы оқиғаға байланысты Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы қаза тапқан жеке сот орындаушыларының отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.  «Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы Алматыда 20 қыркүйекте қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан жеке сот орындаушыларының отбасылары мен жақындарына қайғыра отырып көңіл айтады. Марқұмдардың артында отбасы және кәмелет жасына толмаған балалары қалды», делінген хабарламада. Палатаның мәлімдеуінше, аталған үйден шығару жөніндегі орындау өндірісі екі жеке тұлғаның арасындағы келіспеушілікке қатысты болған.

«Мүлік меншігі құқығы тіркелген адам баспананы электронды сауда-саттықта сатып алған, ол бұрынғы тұрғындарды көшіріп жіберу жөнінде сотқа жүгінген. 2020 жылы 10 маусымда сот аталмыш өтінішті қанағаттандырды. Борышкерге былтырдан бері бірнеше рет сот шешімін орындау қажеттілігі жөнінде ескертілген» делінген хабарламада. Жеке сот орындаушыларының кәсіби қауымдастығы әріптестеріне қажетті көмек көрсетіледі деп мәлімдеді. «Баспанадан шығару жөніндегі сот шешімін орындау кезінде қайғылы оқиға болды, бес адам өлтірілді. Жеке сот орындаушыларының кәсіби қауымдастығы тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек және толыққанды қолдау көрсетіледі. Оқиғаның мән-жайын құқыққорғау органдары тергеу жатыр» делінген хабарламада.

Тегтер: