13 Қазан 17:46
...

Алматы тұрғыны әкімнен қала ішіндегі көлік базарын сыртқа көшіруді сұрады

Фото:
Алматыда қала аумағында болмауы тиіс 56 базар бар. Оларды басқа жаққа көшіру оңай іс емес. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

.

Алматы, NEGE. Әуезов ауданының тұрғындарымен кездесу барысында қала тұрғыны Car City автобазарына қала мен облыстан күнде мыңдаған автокөлік келетінін, олардың тіпті үйдің ауласына дейін кіріп, көлік қоятынын, үйлердің маңайында бос орын қалмағанын айтты.

«Осыған байланысты көлік базары қаладан әкетілсе» деген өтінішін жеткізді ол.

Ерболат Досаев аталмыш мәселені шешу үшін жұмыс жүріп жатқанын, дегенмен, ол оңай шаруа еместігін алға тартты.

«Бұл мәселеде біз ең алдымен меншік құқығына тап боламыз. Өкінішке қарай, жердің меншік актілері бұрын шығып, беріліп кеткен. Егер базарды басқа жерге көшірсек, оған жаңа орын табу керек әрі меншік иесіне оның орнына басқа нәрсені ұсыну керек. Алайда, бұл біз ештеңе істей алмаймыз деген сөз емес»,- деді қала әкімі.

Ол қалада жалға берілген учаскелерді мақсатсыз пайдалану фактілері бар екенін мәлімдеді.

«Мысалы, техникалық қызмет көрсету орталықтары мен түрлі құрылыстар электр желілеріне заңсыз қосылған. Сондықтан бұл нысандарды алып тастауға болады және ол қажет. Оның үстіне қызмет түрлері бойынша біз ненің заңды, ненің заңсыз, не қажет, не қажет емес екенін анықтап алуымыз керек. Енді біз біртіндеп бәрін ретке келтіре бастаймыз. Бұл жұмысты аудан әкімі мен аудандық прокуратураға тапсырамын»,- деді Ерболат Досаев.

Тегтер: