11 Желтоқсан 16:12

Алматы бюджетінен Жаңа жылдық шыршаға қаражат бөлінбейді

Фото:

Nege.kz порталы облыс әкімдерінен Тәуелсіздік күніне, Жаңа Жыл мерекесіне қандай дайындықтар жүріп жатқанын, шырша қашан орнатылатынын, бюджеттен қанша қаражат бөлінетінін сұрап, ресми сауал жолдаған. Жолдаған сауалнамамызға орай Алматы әкімдігінен жауап келді.

«Пандемияға байланысты Алматы қаласының әкімдігі жылдағыдай ауқымды мерекелік іс-шаралар өткізбейді. Алайда маңызды мерекелік күндерді атап өту мақсатында Мәдениет басқармасының ведомствалық мекемелері 48 іс-шара ұйымдастырды. Олардың көбі онлайн форматта өтеді. Ал дәстүрлі форматта ұйымдастырылған мәдени іс-шаралар қаланың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сай барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілмек», - деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.

Әкімдіктегілердің айтуынша, қала көшелері қала бюджеті есебінен безендірілмейді.

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында әкімдіктің басты бюджеттік қаражаты індетпен күреске бағытталды, сондықтан аудандар бойынша жаңа жылдық шыршаларды орнатуға және көшелерді жарықпен безендіруге ақша бөлінбейді. Былтырғы шырша қалпына келтіріліп, еліміздің төл мерекесі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнінен кейін құрылады.

Сақтық шараларына байланысты, қызметкерлер арасында Жаңа жылдық корпоратив өткізілмейді.

Елімізде орын алған індетке байланысты биыл әкімдік қызметкерлеріне жаңа жылдық салтанат ұйымдастырылмайды. Сонымен қатар, жаңа жылдық отшашу болмайды.

Тегтер: