5 Ақпан 18:37

Алматы аспаны ажал сеуіп тұр

Фото:

Алматының экологиялық ахуалы сын көтермейді. Мегаполисте әкім ауысқан сайын әуелі осы мәселеге көңіл аударып, белгілі сомада қаражат та бөлініп, ақыр аяғында сол түтінге тұншыққан қаланың табиғаты таз қалпында қала береді. Тіпті, жыл айналып, әкім ауысқан сайын Алматының аспаны улы элементтерге толып бара жатыр.

Мегаполис арқылы тәулігіне 700 мыңнан аса автокөлік өтеді. Оның бес жүз мыңы - қалалық, екі жүз мыңы - сырттан келетін өткінші көліктер.

Қала тұрғындарында лас әрі улы ауаның кесірінен түрлі аурулар көбейіп, небір аты жаман дерттер «жасарып» кеткен. Жүрек, қан қысымы, ішкі ағза аурулары, қатерлі ісіктің барлық түрі күрт өсті. Бүкіл дерт атаулының дені, яғни, 41%-і – бронхит, астма, ринит секілді тыныс жолдарымен байланысты аурулар.

Қалалықтарды 100 мың адамға шаққанда 35-40 мың адам түрлі ауыр сырқатқа шалдыққан. Көмір күреп, тау тесіп жатқан Қарағандының өзінде мұндай аурулардың саны 100 адамға шаққанда 24 мың адам!

Қала үстін құрсап тұрған қалың түтіннің зардабын есептеген «Алматы-2050» стратегиялық даму бағдарламасында жылына қала аспанына 122 мың тоннадан аса зиянды қосынды көтеріледі.

Олардың 65%-ы түрлі транспорт құралдарына, 27%-ы күлі мен қоқысы көп екібастұздық көмірді тұтынатын ТЭЦ-2 қазандығына тиесілі екен. Сол құжатта 2030 жылға дейін міндетті түрде атқарылатын шаруалардың басында – Алматы қаласының экологиясын оңалту мен ТЭЦ-2 қазандығын заманға сай жаңғырту жазылған.

2019 жылғы дерекке үңілсек, өз аспаны мен ауасын тексеруде Қазақстан ең соңғы орындарда келе жатыр екен. Мәселен, Пекин 1871 рет, Дели 522 рет, Мәскеу 112 рет ғылыми зерттеу жасап, халық ең тығыз орналасқан ірі қалалардың ауасына назар аударған. Тұрғын саны бір миллионнан сәл-ақ асатын Праганың өзі халқы тыныстап жүрген ауаны 126 рет мұқият зерттепті.

Тегтер: