Ақсу қаласында «сақалды» құрылыстарды аяқтау жұмысы жандануда

14 қыркүйек, 20:02
Ақсу қаласында «сақалды» құрылыстарды аяқтау жұмысы жандануда
Фото: google.com

Павлодар облысының Ақсу қаласында «сақалды» құрылыстарды аяқтау жұмысы жандана бастады. 

Алматы, NEGE. Соңғы 3-4 жылдың ішінде Павлодар облысының Ақсу қаласында құрылысы аяқталмаған нысандардың проблемаларын шешуде оң динамика байқалады. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында қала құрылысы және жерді бақылау басқармасының басшысы Арман Бекбосынов айтып берді.  

«Әуезов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйді мысалға алуға болады, – деді Бекбосынов. – Нысан бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы алынды, қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау үшін рұқсат беру құжаттары алу керек. Атап өту керек, соңғы жиналыс өткен қысқа мерзімнің ішінде осындай мәселелерді шешуде Ақсу қаласында оң динамика байқалады». 

Жалпы алғангда, бейіндік басқарма облыстағы құрылысы ұзаққа созылған 26 нысанды бақылауда ұстап отыр. Олардың көпшілігі облыс орталығында орналасқан, дегенмен мұндағы «сақалды» құрылыстардың саны 21-ден 15-ке дейін азайған. Арман Бекбосынов әр ғимарат бойынша есеп беріп, құрылысы қайта басталған нысандар, меншік иесі ауысқан ғимараттар, құрылысты аяқтау және нысандарды жою үшін сотқа арыз беру фактілері туралы айтып берді.  
«Жалпы алғанда облыс бойынша жыл соңына дейін «сақалды» құрылыс нысандарының тізбесінен төрт ғимарат алынады деп күтілуде. Он нысанды 2022 жылыдң соңына дейін аяқтау жоспарда бар», – деді басқарма басшысы.  

Сонымен бірге, Павлодар облысының қала құрылысы және жерді бақылау органдарының бастамасы бойынша абаттандырудың типтік ережелеріне өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Енгізілетін түзетулерге сәйкес меншік иелерін елді мекеннің сәулетін бұзу фактілері бойынша жауапқа тарту көзделген.   

«Абаттандырудың типтік ережелеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстың қаралуын бақылауда ұстауды және кейін облыстық абаттандыру ережелеріне өзгерістер енгізуді тапсырамын, – деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. – Жаңадан салынып жатқан ғимараттардың құрылысы тоқтап қалуына жол бермеуіміз керек. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының әкімдері құрылысы аяқталмай жатқан нысандарды анықтау бойынша мониторинг жүргізіп, жергілікті полиция қызметімен бірге «сақалды» құрылыстардың аумағындағы абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылауды, қажет болған жағдайда меншік иелерін құрылыс жұмыстарын аяқтауға мәжбүрлеу бойынша сотқа арыз беру жұмысын жалғастыруды тапсырамын». 

Құрылысы аяқталмаған нысандардың санын азайту жұмысы аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақовтың тапсырмасы бойынша басталып, өңір басшысының тікелей қадағалауымен жүргізіліп жатыр. Жергілікті билік меншік иелерімен түсіндіру және кеңес беру жұмыстарын жүргізіп, рұқсат беру және басқа да құжаттарды алуда көмек көрсетіп, инвесторлар іздестіріп жатыр. Нәтижесінде, бұрынғы «сақалды» құрылыстардың орнында спорт орталықтары, тұрғын үйлер мен шағын бизнес нысандары бой көтеруде. Әбілқайыр Сқақовтың тапсырмасы бойынша өңірде құрылыс саласын дамыту бағдарламасы да құрастырылды.