8 Қараша 09:23

Абай шахтасындағы 6 адамның өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды

Фото:

 Қарағанды облысының Абай шахтасында 6 адамның қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарғандыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде айтты. «Бәрінен бұрын Үкіметтік комиссия атынан осы төтенше оқиға салдарынан туған-туысқандарын жоғалтқан тұрғындарға көңіл айтқым келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған комиссия аталмыш төтенше оқиғаның барлық себеп-салдарын толық анықтағанша жұмыс істейтініне сендіргім келеді. Қайтыс болған қызмектерлердің бәрінің отбасына жан-жақты көмек беріледі. Қазір емделіп жатқан адамдарға да көмек көрсетіледі. Бүгін болған оқиға туралы қысқаша айтсақ, сағат 8.24-те «Арселор Миттал Теміртаудың» Абай қаласындағы шахтасында кенеттен метан газы босап шыққан. Салдарынан кенжардағы 8 адамның алтауы оқиға орнында көз жұмды, екеуінің жағдайы ауыр, қазір ауруханада жатыр. Негізі шахтада 64 адам болған. Олар уақытында жер бетіне шығарылды», - деді министр. О

ның айтуынша, қазір шахтадағы газды сорып, қалыпты жұмыс жағдайына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. «Тергеу тобы мен комиссия мүшелері оқиғаның эпицентрінде жұмыс істеп жатыр. Бүгін құрылған мемлекеттік комиссия жұмысына кірісті. Кісі өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Комиссияның құрамына түрлі ведомстволардың өкілдері кірді. Оның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғау. Денсаулық сақтау саласының мамандары мен аумағында төтенше оқиға болған компанияның өкілдері бар», - деді министр.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан шахтерлердің жақындары мен туыстарына көңіл айтты.  

Тегтер: