27 Наурыз 11:26

90-жылдардың елесі: Дінді жамылған рэкеттер НЕГЕ көбейіп барады?

Фото:
Атырауда облыс орталығының базарларында рэкетпен айналысқан жергілікті спортшылардың соты аяқталуда. Оларды былтыр маусымда Атырау облысы бойынша ҰҚКД қызметкерлері қолға түсірді.

Бұл туралы azh.kz сайты хабарлады.

Тергеу барысында анықталғандай, бес адамнан құрылған топ қару пайдаланып, «Дина» және «Көктем» базарларындағы Оңтүстік Қазақстаннан келген сатушыларды «өлтіреміз, тауарды өртеп жібереміз» деп қорқытып, ақша бопсалаған.

Бұған дейін ҚР ҰҚК хабарлағандай, ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары «ұрылардың» идеологиясын ұстанып, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтардың сыбайластарымен байланыста болған.

Ұстағаннан кейін олардан үш қару мен оқ-дәрілер тәркіленді. ҰҚТ-ның үш қатысушысы тергеу изоляторларына қамалды, ал екеуі қорғануға құқығы бар куәгер ретінде жауапталды.

Қазір қылмыстық іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда. Сотталушылар орындығында ҚР ҚК-нің 194-бабы («Қорқытып алу») және 262-бабы («Ұйымдасқан қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету») бойынша айыпталып отырған 33 жастағы «жекпе-жек» чемпионы У.А. және 31 жастағы Б.А., сондай-ақ олардың 31 жастағы сыбайласы (сол баптарға қоса 287-бап («Қаруды заңсыз сақтау немесе алып жүру») отыр.

Сотта 5 жәбірленуші мен 15 куәгер жауап берді – олардың көбі сатушы. Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай, сот талқылауы аяқталуға жақын.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 3 маусымында ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша департаменті қызметкерлері деструктивті діни ағымдар өкілдерінен құрылған қылмыстық топтың 5 мүшесін ұстаған болатын. 

Nege.kz порталының зерттеуінше, соңғы кездері қылмыстық топ мүшелерінің көбі дінді жамылған деструктивті ағым өкілдері болып жүр. Айталық, өткен жылы ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды мен Таразда деструктивті діни ағым өкілдерін ұстады. Олардың барлығы да бұрын ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін істі болғандар екен. Оларға террористік топ құру, терроризмді насихаттау, оған қатысу сынды ауыр баптар бойынша айып тағылды. Тергеу мәліметі бойынша, бұлар адамдар көп шоғырланған жерлерде террорлық актілер жасамақ болған. 

Осы жылдың басында ҰҚК Атырау қаласында есірткі сатумен айналысқан күдіктілерді ұстады. Кейін белгілі болғандай, бұлардың барлығы деструктивті діни ағым өкілдері болып шыққан. 

Күштік құрылымдар таратқан мәліметке мұқият көз жүгіртсеңіз, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың көпшілігі деструктивті діни ағым өкілдері екенін байқайсыз. Бұл нені білдіреді? Қылмыскерлер дегеніне жету үшін дінді жамылатынын және ондайлар ештеңеден тайынбайтынын көрсетеді. 

Тегтер: