«2 жасар Ангелинаның сол кездегі бейнесі көз алдымда». Полицей бүлдіршінді қалай құтқарғанын айтты

13 шілде, 18:35
«2 жасар Ангелинаның сол кездегі бейнесі көз алдымда». Полицей бүлдіршінді қалай құтқарғанын айтты
Фото: ғаламтордан

Жаз – балалар үшін қауіпті мезгіл. Бұл кезде көпқабатты тұрғын үйдің терезесінен құлап кету оқиғасы жиі тіркеледі. Ал шомылу маусымы ашылғалы бері қаншама баланың көз жұмғаны жайлы күн сайын хабарланып отыр.

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» демекші, көзден таса қылсаң, бірдеңеге ұрынуға дайын тұрады. Оның үстіне қазіргі балалар өте гипербелсенді. Тіпті, баланы балаға сеніп қалдырып, жұмысқа кететін ата-ана жетерлік. Кейде мұның соңы қайғылы жағдайға әкеп соғады.

Қостанай қаласында болған мына оқиға да осы іспеттес. Қаланың Волынов көшесінде орналасқан тұрғын үйдің 2-қабатында терезеге кішкентай баланың шығып алып, шыбын-шіркейден қорғайтын торға сүйеніп отырғанын көрші-қолаңдары көріп қалады. Егер торды итеріп қалса, бала да құлауы кәдік еді. Содан олар дереу патрульдік полицейге хабар береді. Мекенжайға жылдам жетіп, шапшаң әрекетке көшкен лейтенант Мерей Хайруллин мен аға лейтенант Әсет Байтасов баланы құрқаруға кіріскен.  

«Айтылған тұрғын үй кешеніне бірнеше минутта жеттік. Барсақ, маңайға тұрғындар мен жаяу жүргіншілер жиналып қалыпты. Қарап тұрсақ, уақыт жоғалтатынымызды сездім де, терезеге дейін өрмелеп шықтым. Сөйтіп, бір қолыммен торды шығарып, екінші қолыммен баланы ұстап қалдым. 2 жасар бүлдіршінді құтқарып қалғанымызға қатты қуандық. Бала болса да, қорқыныштан дірілдеген 2 жасар Ангелинаның сол кездегі бейнесі көз алдымда», – дейді полиция қызметкері Мерей Хайруллин.

Шын мәнінде, бала үйде жалғыз қалмаған. Отағасы түнгі ауысымнан жұмыстан келгенде, әйелі 2 жасар Ангелинаны әкесіне қалдырып, кішкентай сәбиін алып, жұмыстарымен шығып кетеді. Әкесі сілесі қатып ұйқықтап қалған. Қараусыз қалған Ангелина асүйдің терезесінің алдына шығып алған. Лейтенант Мерей Хайруллиннің айтуынша, әкесі сыртта көршілердің улап-шулап жатқанынан да бейхабар болған.

«Біз келіп, бүлдіршінді құтқару процесі бітіп, үйге келгенде бір-ақ білді. Балаларға бәрі қызық. Бар жерге шығып, көргісі келеді. Оларда «терезеден құлап кетем-ау» деген қорқыныш сезімі жоқ. Сондықтан балаларды бір сәтке көзден таса қылуға болмайды. Әрине, ата-анасынан бөлек көпқабатты үйде тұратын тұрғындар келіп, алғысын білдіріп жатқанда айналама титтей болса да, көмегімді тигізгеніме марқайдым», – дейді ол.

Құқық қорғау саласында 2015 жылдан бастап еңбек етіп келе жатқан лейтенант Мерей Хайруллиннің арманы мектеп қабырғасында жүргенде анық болыпты. Ол 2012 жылы Меңдіқара ауданындағы мектепті бітіріп, әскер қатарына алынады. 2015 жылы патруль қызметі батальонына жұмысқа орналасады.

«Біздің әулетте полицей, әскери салада ешкім болмаған. Әкем Ауған соғысына қатысқан. Ол үнемі менің құқық қорғау органында қызмет еткенімді қалады.

Сондықтан әуелі өзімнің емес, әкемнің арманын орындадым деп ойлаймын. Нәтижесінде өзім де өмірдегі орнымды осы саладан таптым. Жұмысым ұнайды. Әрине, оңай емес. Күндіз-түні сақадай-сай тұруың керек. Қоғам болған соң, қоғамда әртүрлі адамдар өмір сүрген соң, түрлі жағдай болады. Ұры да, қары да арамызда. Бір күн екінші күнге ұқсамайды. Осы қалыпқа бой үйретіп алған соң ба, демалысқа шықсам да, жұмысты ойлап тұрамын.

Себебі, біздің жұмыс бірсыдырғы емес. Күн сайын жаңа оқиға тіркеледі. Дәл қазір осы саланы таңдаған кезде қателеспегенімді білемін», – деді бізге берген пікірінде.  

Полиция қызметкері Мерей Хайруллиннің айтуынша, қызмет барысында небір оқиға кездеседі. «Осыдан бір-екі жыл бұрын дүкен жанында ұры бір адамды ұрып-соғып, ұялы телефонын ұрлап қашты. Ол келесі көшедегі тұрғын үйдің подъездіне қашып, бой тасалады. Біз қылмыстың ізін суытпай, ұрыны ұстап алып, ұялы телефонын иесіне қайтаруға атсалыстық», – дейді лейтенант Мерей Хайруллин.