31 Қаңтар 19:34

21 жыл бұрын кісі өлтірген Мойынқұм тұрғынының соты басталды

Фото:

1998 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында тұратын Кеңесхан Мәдіханов есімді азамат із-түзсіз жоғалып кеткен еді. Ширек ғасырға жуық құпия болып келген сол оқиғаның сыры енді ашылды. Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 29 қаңтар күні алғашқы сот отырысын өткізді.

Күдікті – Мойынқұмның 61 жастағы тұрғыны. Тергеу кезінде анықталғандай, ол марқұмды өз үйінде атып өлтірген. Мылтық дауысын естіген куәгерлердің түсініктемесі қылмыстық іс деректеріне тіркеліпті.

Күдіктінің айтуынша, сол күні бірнеше адам  ішімдік ішкен. Соның салдарынан арада ерегес туады. Бұл 12-калибрлі мылтықтан оқ атқан. Басынан алған ауыр жарақаттан жәбірленуші сол жерде жан тапсырады.

Сұмдығы сол, күдікті қылмысын жасыру үшін мәйіттен құтылуды ойлаған. Бірақ жұрт көзіне түсіп қалудан қаймығып, мәйітті өз үйінің ауласына жерлейді. Жерледі деген аты ғана, ол марқұмның денесін 20-30 сантиметр тереңдікке көмген. Кейін сол жерге жаппа жасап, астын бетондап, жаздың күні шай ішетін орын ретінде пайдаланған.

Күдікті өз кінәсін мойындағаннан кейін мәйітті қазып алу жұмыстары жүргізілді. Адам сүйегі күдікті көрсеткен маңнан табылған.

Сараптама материалдары мен із-түзсіз кеткен адамның туыстарынан алынған қан үлгілері  марқұмның Кеңесхан Мәдіханов екенін көрсеткен.

Осы оқиғаға байланысты Nege.kz тілшісі Мойынқұмда жүр. Жергілікті тұрғындар арасында осы қылмыстық оқиғаға байланысты аңызға бергісіз әңгімелер тарап кеткен. Соның бірінде «мәйітті қазып алу барысында, сол үйдің ауру тауығы қайта-қайта сүйек жатқан жерге түсе берді. Ол сүйекке ұмтылуын қоймаған соң, тауықты қораға қамап қоюға тура келді» делінеді. Содан кейін де болса керек, ауыл тұрғындары: «Жаназасы шықпаған адамның рухы мәйіттен ұзай алмайды. Көр ашылғанда марқұмның рухы ауру тауыққа қонған секілді. Содан кейін де орнынан қозғала алмай жатқан құсқа жан бітті» десіп жүр.

Әкесі жоғалғанда екі жаста ғана болған марқұмның ұлы осыдан бірер ай бұрын  қайтыс болыпты. Ал күдікті – бұрын полицияда жұмыс істеген. Қылмыстық оқиғадан бірнеше жыл бұрын қызметінен босаған. Қаруын 2013 жылы өз еркімен аудандық ішкі істер басқармасына өткізсе керек. Соттың келесі отырысы 5 ақпанға жоспарланған. Адам жанын түршіктірер қылмыс жасаған күдіктіге қандай жаза тағайындалатыны жуырда анықталады. Бұл жөнінде тілшіміз арнайы материал әзірлейтін болады.

 

Тегтер: