21 Қаңтар 11:24

2021: 200 жұмысшы жұмыс орнында қаза тапты

Фото:

Еңбек қатынастарын реттеу мәселелері және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар республикалық үшжақты комиссия отырысында қаралды.

Алматы, NEGE. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның кезекті отырысында еңбек қатынастарын реттеу, «Теңізшевройл» ЖШС босатылатын жұ м ыс керлерін жұмыспен қамту бойынша шаралар көрсету мәселелері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы қаралды.

Іс-шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Қаржы, Әділет, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің, әлеуметтік серіктестердің, «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері, сондай-ақ облыстар, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов отырысқа қатысушыларды еңбек қатынастарын реттеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Ол бүгінгі таңда Қазақстанда 6,7 млн адам жұмыс істейтін 340 мыңнан астам белсенді кәсіпорын бар екенін хабарлады.

«Жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын бақылауды 246 мемлекеттік еңбек инспекторы жүзеге асырады, олар 2021 жылы 5 130 тексеру жүргізді, нәтижесінде 10 783 бұзушылық анықталды. Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 3 371 ұйғарым беріліп, 278,2 млн теңге сомасына 1 334 айыппұл салынды», – деді Серік Шәпкенов.

Еліміздің кәсіпорындарында 1465 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5%-ға төмен (2020 жылы – 1503 адам).

Бұл ретте 200 адам қайтыс болды, бұл 205 адам қайтыс болған 2020 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға төмен.

«Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау және олардың нәтижелері бойынша шаралар кешенін іске асыру үшін 4 206 өндірістік объект аттестаттаудан өткізілді, 15,5 мыңнан астам өндірістік кеңестер құрылды, онда 18 мыңнан астам техникалық инспектор ішкі бақылауды жүзеге асырады. Бұдан басқа, 2 796 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық стандарттар енгізілді (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ)», – деп хабарлады Еңбекминінің басшысы.

Ол сондай-ақ өткен жылы 164 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын енгізгенін, 292 кәсіпорын «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылғанын атап өтті.

Отырыс барысында «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері кәсіпорынның босатылатын жұмыскерлерін жұмыспен қамту бойынша көрсетілетін шаралар туралы хабардар етті.

2021 жылдың басында болашақ кеңейту жобасының және сағалық қысымды басқару жобасының аяқталуы нәтижесінде 4 649 адам босатылды, оның 37% - Атырау облысының тұрғындары.

1 286 адам ТШО жобалары ішінде және 594 адам ұйымнан тыс жұмыс орындарына ие болды.

Қалған қызметкерлер үшін жергілікті атқарушы органдар жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізуде.

Тегтер: