17 жастағы қыз танысын пышақтап тастаған

21 маусым, 19:32
17 жастағы қыз танысын пышақтап тастаған
Фото: google.com

Алматы облысында 17 жастағы қыз замандасын пышақпен жарақаттаған.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 маусым күні Қаратал аудандық полиция басқармасына Орталық аудандық ауруханадан хабарлама түскен - Бастөбе ауылының 17 жастағы тұрғыны пышақ жарақатын алған.

Тергеу барысында анықталғандай, зардап шеккен қыз 17 жастағы күдіктімен мектептен таныс және араларында жағымсыз қарым-қатынас болған. Оқиғадан бір күн бұрын олардың арасында көшеде кикілжің туындаған. Мәселені соңына жеткізу үшін жәбірленуші танысын түнде кездесуге шақырып, ұра бастаған.

Соққының астында қалған екінші қыз қашып құтылып, өз үйінің ауласында жасырынған.

«Ол жерден жиналмалы пышақ тауып алып, артынан келген замандасының ішінен ұрған. Қылмыс құралы айғақзат ретінде тәркіленіп, іске дәлел ретінде тіркелді. Күдікті ата-анасының қолына тапсырылды. Қазір денсаулыққа қасақана зиян келтіру яғни, ҚР ҚК 106-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу жүріп жатыр»,- делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі жариялаған хабарламада.

Сондай-ақ ПД ақпаратына сәйкес, Алматы облысының Панфилов ауданында 19 жастағы тұрғынның төсегінен, яғни матрац астынан пышақ пен тапанша табылды. Айғақзатты полицейлер «Қару» алдын-алу профилактикалық шарасы барысында іздеп тапқан.