8 Қараша 12:47
...

Экстремизм ұғымы туралы және оның пайда болу себебі қандай?

Фото:

Экстремизм термині сөзбе-сөз (лат. еxtremus-шеткі) шектен тыс көзқарастар мен әрекеттерді ұстану, қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару деген мағыналарға келеді. Экстремизм бұл әр уақытта әр қалай көрініс беретін күрделі құбылыс.

Алматы, NEGE. Экстремизмнің пайда болуына сараптама жасай келе бұл құбылыстың негізінде адамдардың табиғи мүдделерінің қақтығыстары экономикалық, әлеуметтік, этникалық және конфессиялық қарама-қайшылықтары жатқанын көруге болады. Бұндай мүдделердің, қарама-қайшылықтардың көлемі әртүрлі болуы мүмкін: жеке индивидтің «мендік» мүддесінің бүкіл қоғамға қарсы тұруынан бастап, тұтас мемлекеттік жүйелердің бір-бірімен күресін қамтуы мүмкін. Қандай да бір себептермен мүдделері сақталмай қалған жағдайда дауласқан екі жақтың бірі өздерінің саяси, діни, этникалық тағы басқа мәселелерінің шешімін табу үшін шектен шыққан әдіс-тәсілдерге көшуі ықтимал.

   Жалпы экстремизмге мынадай идеяларды, бағыттарды, доктриналарды таратуға бағытталған әрекеттерді жатқызуға болады:

  • Адамдарды таптық, меншіктік, ұлттық немесе діндік ерекшеліктеріне қарай бөлу;
  • Адам құқығын конститутциялық құндылық ретінде жоққа шығару;
  • Плюрализм мен өзге ойларды қабылдаудан аулақ болу;
  • Бір идеологияны мемлекеттік ретінде насихаттау.

Экстремизмнің пайда болуы себебі әр қоғамда әртүрлі, яғни қоғамдағы жағдайға байланысты. Әйтсе де экстремизмнің пайда болуы мен таралуының базистік жағдайы бар. Ол кез келген қоғам мен мемлекетке тән. Қазіргі кезеңде экстремизмнің пайда болуының негізгі факторлары ретінде мамандар мыналарды баяндайды: әлеуметтік экономикалық тоқырау, жергілікті тұрғындардың көп бөлігінің өмір сүру деңгейінің күрт түсуі; мемлекеттік басқару жүйесі мен саяси институттардың деформациясы; олардың қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге қабілетті болмауы; саяси режимнің тоталитарлық сипат алуы; еркін, жаңаша ойлауды қуғындау; жеке топтрдың өз міндеттерін шешуді жеделдетуі т.б.

Бұл негізгі факторлармен қоса зерттеушілер экстремизмнің пайда болуы мен дамуына әсер ететін қосымша факторларды атап көрсетеді. Оларға халықаралық немесе мемлекеттік деңгейде экстремизм көріністеріне қарсы күрестің осалдығы, тұрғындардың, жеке топтардың саяси және құқықтық мәдениетінің төмендігі, мемлекетаралық қатынастың әлсіреуі, әлеуметтік шиеленістің өсуі т.б. Жоғарыда айтылған мәліметтерді саралайтын болсақ, біз экстремизмнің әрқандай қоғамда пайда бола алатындығын көре аламыз. Сондықтан қоғамда экстремизм пайда болмай тұрып, оның алғышарттарын жойған жөн. Материалды «Нұрлы Бағдар» Қоғамдық Қоры мен Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы бірлесіп дайындады.

Тегтер: