Экс-президенттер қандай жағдайда жауапқа тартылады?

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Конституцияның референдумда қабылданған нормаларына тоқталды.
Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін Назарбаев пен оның отбасысына қатысты әңгіме елді елеңдететіп қойды. Болашақта Назарбаевтар әулеті шалыс басқан әрекеттері үшін қудалаудан қашып құтыла алмайтыны да айтылып жатыр. «Елбасы туралы» заң күшін жойды, енді Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақындарын қылмыстық жауапкершілікке тартуға бола ма?
Бұған дейін ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова егер заң шығарушы орган бұрынғы президенттерді жауапкершіліктен қорғайтын норманы алып тастауды шешсе, бұл жағдайда Нұрсұлтан Назарбаевты жауапқа тартуға болатынын айтқан. Алайда вице-министр мұны « жай ғана» айта салыпты.
Nege.kz порталының тілшісі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алма Мұқановаға осы сауалды қайыра жолдады.
А.Мұқанова.
«Ол жай айтылған. Кеше Мәжіліс отырысы болды. Қайтып бара жатқан кезде БАҚ өкілдері мені ұстап алып, осы сұрақты қойған. Бірақ сұрақ кішкене басқаша түрде қойылған еді. «Біз Конституциядан «Елбасы туралы» заңды жойсақ, президентпен бірге тұратын оның отбасы мүшелерін қылмыстық жауапкершілікке тарта аламыз ба?, – деп сұрақ қойған болатын.
Оған мен осындай ұсыныс біздің тарапымыздан «Елбасы туралы» Заңды жою тұжырымдамамызда тұр деп жауап бердім. Егер ол түзетілетін немесе қабылданатын болса, Елбасының отбасы мүшелеріне тиіспеу деген бап күшін жояды.
Бірақ, ескеруіміз керек! Бізде «Президент туралы» Конституциялық Заң жобасы бар. Онда 36-бапта экс-президенттерге қатысты нормалар қарастырылған. Ол жерде Елбасы туралы бөлек жазылмаған. Жалпы президенттер өз өкілеттілігін аяқтағаннан кейін оларға берілетін кепілдіктер бар. Өйткені, ол – саяси тұлға. Мемлекетке қатысты ішкі саясат болсын, сыртқы саясат болсын түбегейлі шешімдер қабылдаған тұлға. Сондықтан барлық экс-президенттерге қамтылатын норма тиісті Конституцияда бар деп жауап бердім.
«Назарбаев мырзаға бұндай қылмыстық іс қозғауға бола ма?», – деген сұрақ қойды. Мен оған «Елбасы туралы» Заң жобасы жойылса да, бізде «Президент туралы» Конституциялық Заң жобасында тиісті кепілдіктерді қамтитын норма бар деп жауап бергенмін», – деді Алма Мұқанова.
- Тақырыпқа орай: Әділет вице-министрі: Назарбаевтың жақын туыстарын енді жауапкершілікке тартуға болады
Демек, ендігі уақытта Назарбаевтың жақын туыстарын қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады, бірақ Назарбаевтың өзі заңның қорғауында. Өйткені ол заңда экс-президенттер туралы мынадай бап бар: «Республиканың экс-Президентi, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайларды қоспағанда, өзiнiң Республика Президентi өкiлеттiгiн атқаруымен байланысты iс-әрекетi үшiн жауап бермейдi».
Конституциядағы кейбір нормалар президент Тоқаевтың бастамасымен өзгеріп жатыр. Қазақстанға болашақта жаңа президент келсе Заң тағы өзгере ме? Әр президент өз заңымен келе бере ме? Жалпы болашақта қандай өзгерістер болуы мүмкін? Бұл сауалға да Алма Мұқанова жауап беріп өтті.
«Біз мынаны түсінуіміз керек: әр келген президенттің өзінің президенттікке келуіне дейінгі саяси бағдарламасы болады. Біз сол саяси бағдарламаларға қарап, президентті таңдаймыз. Егер сол тұлға біздің президентіміз болсын деп сайласақ, оның саяси бағдарламасын қолдағанымызды білдіреді.
Ол тұлға перзиденттікке келіп, өзінің саяси бағдарламасын орындамаса, онда халықтың наразылығы туындайды. Сондықтан бұл халықтың тарапынан шешілетін сұрақ.
Біз оның саяси бағдарламасымен келіссек, жаңа келген президент кейбір саясаты өзгертеді», – деді вице-министр.
Брифинг барысында вице-министр Сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу көзделгенін айтты. Жақын арада тіисті түзетулер ашық нормативті актілер сайтына шығарылып, халықтың талқысына салынады.