23 Қараша 17:45

Экс-банкирдің 290 млн теңгелік «кісені» қайда?

Фото:

Жуырда Жомарт Ертаев 11 жылға сотталды. Сот үкімімен экс-банкирдің дүние-мүлкі тәркіленеді.

RBK банкін тонау ісінде бір Ертаев емес, онан өзге 36 адамның қатысы бар екен. Осы 36 «барымташы» банктің 114 миллиард теңгесін жымқырған. Бұл жайды отандық БАҚ өкілдері жілікше шағып, майын тамызып жазды, жетеріне жеткізді. 

Жоғарыда Ертаевтың дүние-мүлкі тәркіленетінін текке айтпадық. Белсенді жұрт «Жомарт Ертаев 11 жыл сотталып шығады, одан кейін 10 жыл бойы банк және қаржылай қызмет істей алмайды. Келтірілген шығын мен залалды кім өтейді?» деп жатыр.

Иә, 114 миллиард теңгенің орнын толтыру оңай емес-ақ. Егер сот сондай шешім шығарса, оның да бір есебі бар шығар. 

Біз Ертаевтың қанша мал-мүлкі, жиған-тергені бар екенінен бейхабармыз. Десек те, ашық дереккөз арқылы экс-банкирдің салтанатты өмір сүруді ұнатқанын байқадық. Бай-бағландар әдетте қымбат киім, зәулім сарайда тұрумен қатар бренд сағаттарға қызығады. Жомарт Ертаев сол қатарда екен.

Желіде жарияланған мына бір суретте Ертаевтың қолындағы сағат Richard Mille екені көрініп тұр. Француздық Ришар Милль шығармашылығымен етене таныс, оның өнімдері жайлы зерттеу жүргізіп жүргендердің айтуынша, Ертаевтың қолындағы – «Richard Mille RM 27-01» болуы әбден мүмкін.

Бірі білер, бірі білмес Richard Mille сағаттарының нарықтағы орташа құны 170 000 еуро. Теңгеге шақсақ, 86 миллионнан астам екен. Осыны білгесін, тілшіміз Ертаевтің білегіндегі Richard Mille RM 27-01 қанша тұратынын зерттеп көрді. 

Сағаттың техникалық жай-күйі жайлы толық ақпаратты жоғарыда көрсеттік. Ришар Милль RM 27-01 қолсағатын шығара отырып, «ең жеңіл механикалық сағат» аталымы бойынша әлемдік рекордты біраз уақытқа жаңартты. Қолсағаттың толық салмағы – 18,83 грамм. Бір артықшылығы, оны кез келген адам сатып ала алмайды. Ол бағасының қымбат (290 млн теңге) болғанынан емес, сағаттың санаулы болғандығынан. 

RM 27-01 небәрі 50 дана жасалған. Бренд амбассадоры әлемнің екінші ракеткасы Рафаэль Надаль десек те болады. Ең алғашқы RM 27-01 қолсағатын теннисшінің қолынан көрдік. 

Ал отандасымызда нешінші RM 27 барын кім білсін?! Көшірме ме, түпнұсқа ма, ол жағы белгісіз, әрине. Әй, бірақ, Ертаев көшірме таға қоймас.

Кейбір деректерге қарағанда, дәл осындай сағат миллиардер Болат Өтемұратовта бар деседі. Forbes таныған миллиардер қандай сағат тағамын десе, еркінде ғой. Ал енді Ертаевқа не жорық?

Ертаев коллекциясындағы қымбат сағат осы ғана болмауы мүмкін. Үй-жайы, дүние-мүлкі тәркіленгенін айттық. Әлдекімнің білегінде кетпесе, қымбат сағаттар де мемлекеттің меншігіне өткен болар. Бірақ ол 144 млрд теңгенің орнын жаба ала ма?.. 

Тегтер: