15 Желтоқсан 12:29
...

Шымкенттік экс-шенеунікке қатысты қылмыстық істің мән-жайы айтылды

gov.kz
Фото: gov.kz

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бұрынғы басшысы Нұрбол Жүнісбеков қазір Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Ол Қылмыстық кодекстің ауыр бабы бойынша тергеліп жатыр.

Астана, NEGE. Нұрбол Жүнісбеков бұл қызметке 2025 жылдың көктемінде тағайындалған. Ал үш жарым ай бұрын оның қамауға алынғаны хабарланды.

Қылмыстық іс жүргізу Жүнісбеков ұсталмай тұрып, ол Шымкенттегі қызметке тағайындалғаннан кейін көп ұзамай басталып кеткен.

«2025 жылғы 5 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша Н.Жүнісбековке және басқа да тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – дейді Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Ғалымжан Дәненов Kazinform ақпарат агенттігіне берген жауабында.

Прокурордың мәлімдеуінше, Жүнісбеков 21 тамызда Қылмыстық-процестік кодекстің 128–131 баптары бойынша қамауға алынған. Екі күннен кейін, 23 тамызда, Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктіні уақытша қамауға алу туралы шешім шығарды. Жүнісбеков қазір Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Кінәсі дәлелденсе, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тергеу әрекеттері қазанда аяқталған, қазіргі уақытта тараптар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.