USD
USD
USD

Экс-депутат Қашаған операторының басшыларын да жауапқа тартуды ұсынды

Мәжілістің бұрынғы депутаты әрі заңгер Абзал Құспан мұнай операторларының экологиялық заң бұзушылықтары үшін компаниялармен қатар нақты шешім қабылдаған лауазымды тұлғалар да жеке жауапқа тартылуы керек деп санайды.

кен орны
Фото: Ncoc.kz

Астана, NEGE. Ол Қашаған кен орнының операторына салынған 5 млрд долларға жуық экологиялық айыппұл төңірегіндегі жағдайға қатысты осындай пікір білдірді. 

Қазақстанның Әділет министрлігі NCOC басшылығына экологиялық талаптарды орындамағаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескерткені туралы ақпарат тараған еді.

Құспан мұндай тәсілді толық қолдайтынын және бұл мәселені бұған дейін де көтергенін айтты. Оның айтуынша, әңгіме тек қылмыстық жауапкершілік туралы емес, операторлардың лауазымды тұлғаларының экологиялық құқықбұзушылықтар үшін дербес жауапкершілігі туралы болып отыр.

«Қазақстан заңнамасында ортақ қағида бар: егер заңбұзушылықты отандық бизнес жасаса, жауапкершілікке тек заңды тұлға ғана емес, тиісті шешім қабылдаған немесе заңбұзушылыққа жол берген нақты лауазымды тұлға да тартылады. Мұндай тетік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте қарастырылған және өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеді», – деп жазды ол.

Құқық қорғаушы 1990-жылдары және 2000-жылдардың басында жасалған өнімді бөлу туралы жекелеген келісімдерге қатысты қоғамда бұрыннан айтылып жүрген пікірге де назар аударды. Оның айтуынша, кейбір ірі экологиялық айыппұлдар кейін операторларға түрлі тетіктер арқылы, соның ішінде өндірілген шикізатты бөлу механизмдері есебінен өтелуі мүмкін деген пікір бар.

«NCOC жағдайында дәл осындай механизм бар деп айта алмаймын. Бірақ кейбір басқа операторларға қатысты мұндай әңгімелер бұрыннан айтылып жүр. Егер бұл рас болса, онда миллиардтаған айыппұлдардың компаниялар үшін тиісті алдын алу әсері болмайды», – деді Құспан.

Құспан оператор басшыларының жеке жауапкершілігін тиімді тетік деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстанда заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Сондықтан қылмыстық іс компанияға емес, заңбұзушылыққа жол берген нақты басшылар мен лауазымды тұлғаларға қатысты қозғалуы керек. 

«Кез келген қылмыстық қудалау заң тұрғысынан мінсіз, жеткілікті дәлелдерге негізделген және заң талаптарына толық сәйкес болуы керек. Оның саяси астары бар, инвесторлардың құқықтары бұзылды немесе инвестициялық ахуал нашарлады деуге ешқандай негіз болмауы қажет», – деп атап өтті экс-депутат.

Еске салсақ, бір апта бұрын Әділет министрлігі айыппұлды ерікті түрде төлеуге 20 шілдеге дейін уақыт бергенін, одан кейін қаражатты өсімпұлымен бірге мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына көшетінін хабарлаған.

NCOC айыппұлды негізсіз деп санайды. Дау халықаралық арбитражда қаралып жатыр. Консорциум сот талқылауы жүріп жатқан уақытта айыппұл төленбейтінін мәлімдеген. Қашаған жобасына Shell, Eni, TotalEnergies, ExxonMobil, CNPC, Inpex және «ҚазМұнайГаз» кіреді. 

Қазір оқып жатыр

«Амнистия – кінәсіз деген сөз емес»: Айтбек Амангелді Байжановтың түрмеден шығуы туралы не деді

Айтбек Амангелді

Wildberries қазақстандық селлерлерге өтемақы төлемдерін аудара бастады

маркетплейс

Алматыда көп әйел алуды дәріптеген азамат жазаланды

.

Түркістанда агробизнеске бөлінген 3 млрд теңгені жымқырған қылмыстық топ сотталды

Сиыр